Президент: 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет
Елде 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Президент Үкімет пен әкімдерге бұл жұмысты алдағы 3 жыл ішінде толық аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды 24kz.
Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында білікті кадрлар даярлау мәселесіне баса мән беріп, білім беру саласының ашық болуы қажеттігін айтты.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды елде Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялады. Осыған орай инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына енетінін мәлімдеді. Президент тағы қандай маңызды мәселелерді атады?
Риат Шони, тілші:
- Бұл – Білім күні есігін айқара ашқан елодадағы №103 мектеп. Білім ұясы биыл 1600-ге жуық баланы қабылдады. Оның 175-і бірінші сынып оқушысы. Мұнда сапалы білім берумен қатар балалардың қауіпсіздік мәселесі де басты назарға қойылған. Яғни, турникеттер орнатылып, дабыл тетігі мен бейнебақылау камералары қойылған. Бұл білім ұясы Президенттің «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған.
Елдар Исабай, 11-сынып оқушысы:
- Біздің сынып толығымен осы мектепке ауысты. Сол себепті сыныбымнан қалмайын деп осында ауыстым. География-математика пәндері бойынша сыныптар жақсы даярланған. Сыныптар біз үшін өте қолайлы жасалған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұндай жайлы мектептер қазір көптеп бой көтеруде. Келер жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 білім ұясы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Алайда бүгінде оқушылар оқитын мектептердің барлығы дерлік жайлы деуге келмейді. Оны бүгін Президент те өз сөзінде атап өтіп, нысандарды қалыпқа келтіруді міндеттеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сонымен бірге еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керек. Бұдан бөлек, мектептердің жұмысын жақсарту шараларын қолға алған жөн. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал.
Білім беру саласында ашықтықты қамтамасыз ету
«Орта білім беру жүйесі елдің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде өте маңызды рөл атқарады. Сондықтан бұл салаға айрықша мән беру керек», - деді Президент. Бөлінетін қаражаттың ашықтығын қамтамасыз ету керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мемлекет кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөледі. Оның ішінде жекеменшік мектептерге берілетін қаржы да бар. Мысалы, 250 мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге биылдың өзінде бюджеттен 134 миллиард теңге бөлінді. Ата-аналар мемлекеттің жеке меншік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуге тиіс. Осыған орай әр балаға норматив бойынша бөлінген қаражат көрсетіліп тұруы қажет. Сонда азаматтарымыз әлеуметтік бағдарламаларға бөлініп жатқан қаржы туралы шынайы ақпараттан хабардар болады.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұған дейін біз ойлаймыз, жекеменшік мектепке тек қана ата-ана өз ақшасына барады деп. Бүгін нақты естіп отырмыз жекеменшіктегі әрбір бала үшін мемлекет өз қаражатын құйып отыр. Яғни, бір балаға 300-350 мың аралықта жан басына шаққандағы қаржыландыруды бөліп отыр. Бұл қаражат ашық болуы керек. Шын қай оқушыға кеткенін көруіміз керек.
Қаржылық және цифрлық сауаттылықты арттыру
Соңғы жылдары халық арасында алаяқтардың құрығына түсіп жатқандар көбейіп кетті. Бұл мәселені шешуде Президент мектептерде жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізуді тапсырды. Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы тиіс. Цифрлық технологиялар демекші, келер жылы Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосылады. «Бұл орталық оқушылар, студенттер, ғалымдар және кәсіпкерлер үшін әрдайым ашық болады» -деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 2025 жылы Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы аяқталмақ. Еліміз үшін бұл жобаның маңызы зор. Сол арқылы мәліметтердің халықаралық арнасымен және трансшекаралық ағынымен байланысты цифрлық инфрақұрылым құра аламыз. Жалпы телекоммуникация желілері мен дата-орталықтарын барынша жетілдіруге, киберқауіпсіздіктің әлемдік стандарттарын енгізуге және мамандарымыздың біліктілігін арттыруға қатысты жұмысты жалғастыру керек.
Білікті кадрлар даярлау
Президенттің биылғы Жолдауы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталады. «Экономиканы өсіру үшін оны білікті кадрлармен қамту қажет. Бұл – аса өзекті міндет», - деді, Президент. Сондықтан қазір тапшылық бар салаларды мамандармен қамтып, болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін кадр даярлау керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады. Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн. Бұл тәсілді білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қолдануға болады. Осы ретте грант құны жастарды сапалы оқытуға мүмкіндік беруге тиіс. Мемлекет қаржысын университеттің бәріне шашыратып, оңды-солды тарата беруге болмайды. Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту керек.
Білікті кадрды тек жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де даярлауы қажет. Ал Үкімет болса колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігі қарастыру керек. Бүгін министрлер кабинетіне Президент осындай тапсырма берді. Тағы Мемлекет басшысы ғалымдардың шетелдегі тағылымдамасын «академиялық туризмге» айналдырмау керегін қадап айтты. Ал келер жыл елде «Жұмысшы мамандықтарының» жылы деп жарияланады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады.
Денсаулық сақтау саласын дамыту
Президент қаузаған ендігі бір мәселе – ол денсаулық сақтау саласы. Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек. Ал қазіргі жағдай аса көңіл көншітпей отыр. «Салаға бюджеттен қыруар қаржы бөлінгенімен нәтиже жоқ», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды. Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс.
Мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру цифрландырусыз болмасы анық. Сондықтан Президент бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасауды міндеттеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы болуын қамтамасыз етуі қажет. Үкімет осы маңызды мәселені шешуге дереу кірісіп, бұл бағыттағы жұмыстың барысы жөнінде маған және депутаттық корпусқа есеп беріп отыруға тиіс.
«Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыру
Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету. Бұл маңызды міндетке биылғы Жолдауда да ерекше назар аударылды. Соңғы жылдары бұл бағытта маңызды бастамалар қолға алынды. Мәселен, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылып, 7 млн баланың есепшотына 300 млрд теңгеден астам қаржы аударылды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға арнайы төлемдер беріліп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Дегенмен, қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын мойындау қажет. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес. Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет. Сондықтан Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын. Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен айтқанда, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс.
Аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау
Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру. Бұл іс әрі қарай да жалғасуы тиіс. Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына 5 жылдан астам уақыт болды. Осы аралықта қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениеті өзгерді. Халықтың ендігі бір талабы – ол әкімдерді сайлау болды. 2021 жылы ауыл басшыларын тұрғындар өздері сайлады. Содан бері 2,5 мыңға жуық әкім ауысты. Ал былтыр күзде бұл жаңашылдық аудан мен облыстық маңызы бар қалаларда да қолданыла бастады
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз сайлау нәтижесін және сайланған әкімдердің жұмысын жан-жақты зерделедік. Соның қорытындысы бойынша түбегейлі шешім қабылдадық. Келесі жылдан бастап жаңа жүйеге біржола көшеміз. Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді. Әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай, яғни, ротация мерзімі жеткенде сайлау біртіндеп өткізіле береді. Бұл да – саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам. Саяси реформа – бір реттік науқан емес. Мемлекеттің дамуына қажет болса, реформалар осылай үздіксіз жалғаса береді.
Заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету
Заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл – кез келген мемлекеттің алдына қойған басты міндеті. Сондықтан Президент қазір әзірленіп жатқан «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасындағы талаптарды орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыру керектігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді. Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті. Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс.
Халықты алаңдатқан ендігі бір мәселе – жол апаттары. Жыл басынан бері соның салдарынан 1300-ден астам адам қаза тауып, 16 мыңнан астамы зардап шеккен. Олардың арасында тұтас отбасылар да бар. Осы ретте Президент жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету керектігін айтт
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы салаға жауапты мекеме автокөліктердің техникалық жағдайына тиісті бақылау жасауы қажет. Жүргізушілерді даярлау деңгейінің де төмендеп кеткені жасырын емес. Жүргізуші куәлігін арнайы оқымай-ақ алатын жайттар бар. Үкімет, әкімдер, Ішкі істер министрлігі батыл қадам жасауы керек. Депутаттар бұл мәселені назарда ұстауға тиіс.
Заң мен тәртіп әскер қатарында да сақталуы керек. Президент бұл айрықша маңызды міндет екенін айтты. Отан алдындағы борышын алаңсыз өтеу үшін әскерде ең алдымен темірдей тәртіп болуға тиіс. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. «Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты» - деді Президент. Сонымен қатар мемлекет басшысы ел ішіне іріткі салып, арандатушылық әрекет жасап жүргендерге де қатысты пікірін білдірді
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бізге белгілі кейбір теріс пиғылды адамдар, оның ішінде шетелде жүргендер де бар, мәселені ушықтыру арқылы қоғамдық пікірге ықпал еткісі келеді, елімізге орынсыз шүйлігеді. Қазақстанның қоғамында да, билігінде де ешқандай «фобия» бұған дейін болған емес, қазір де жоқ, болашақта да болмайды. Сондықтан ақша үшін ел ішіне іріткі салуды көздейтін мұндай жымысқы әрекеттерден түк шықпайтыны анық. Біз үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам құру ісін жалғастыра береміз. Біз – озық ойлы ұлтпыз. Сондықтан алысты көздеп, түрлі арандатушылық әрекеттерден биік тұруымыз, парасатты ел екенімізді танытуымыз және тек заңға арқа сүйеуіміз керек.
«Елдің ұзақ мерзімге арналған даму жолы айқын. Биік мақсаттарымыз бар. Енді оған жету үшін, ең алдымен, ел бірлігін сақтай білуіміз керек», - деді Президент. Себебі, бірлік бар жерде береке бар.
Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев, ПТРК