Қ.Тоқаев Қарағанды облысындағы оң өзгерістерді атап өтті

Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажет. Бұл ретте Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы оң өзгерістерді атап өтті, деп хабарлайды 24kz.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

-Өткен жылдың желтоқсан айында Қарағанды облысына келген отандық инвестор металлургиялық комбинат жұмысын жетілдіруді кешенді түрде қолға алды. Компанияның стратегиялық жоспары жаңа технологияларды қолданысқа енгізу, өндірістік қауіпсіздікті арттыру және экологиялық жобаларды жүзеге асыру сияқты бағыттарды қамтиды. Ол үшін шамамен 3,5 миллиард доллар инвестиция қарастырылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен жуырда Қарағанды облысында болдым. Сол кезде «Qarmet» металлургия комбинатына бардым. Отандық инвестор келген соң ондағы ахуал едәуір тұрақталды. Кәсіпорын жаңғыртыла бастады. Бұл қадам өндірілетін өнім көлемін айтарлықтай арттыруға тиіс.

«Qarmet» компаниясы көмір және металлургия өндірісін жаңғыртуға айтарлықтай күш салуда. Қазіргі уақытта барлық ғимараттарға күрделі жөндеу жасалып жатыр. 2024 жылы реновация бағдарламасы аясында 100 нысанды қамту көзделген.

Дәурен Халел, металлург:

- Қаншама дүниелерді жаңадан айырбастап осы істі өрге сүйреп жүргізіп жатыр. Енді оны металлургтер өзіміз де көріп отырмыз. Соған атсалысуға бізде тырысамыз деген сенімдеміз.

Мемлекет басшысы Қарағанды облысына қызметтік сапары кезінде өндірістегі қауіпсіздікке мән беруді тапсырды. Бүгінгі таңда көмір шахталарында алғашқы сандық технология қолданысқа енгізіліп жатыр. Көмір департаментінің диспетчерлік-талдау орталығына қосылған жаңа позициялау жүйесі жер астындағы әр кеншіні бақылауға мүмкіндік береді. «Өндірістегі қауіпсіздікке көңіл бөлінуі бізді қатты қуантып отыр», - дейді кенші  Жасқайрат Сәрсекеев.

Жасқайрат Сәрсекеев, Костенко шахтасының кеншісі:

-Жаңа инвестор келгелі көптен көп өзгешеліктер бар. Жұмысы өте ауыр болғандықтан қауіпсіздік шарасына көңіл бөлінуде. Позициялау жүйесі алдағы жылда барлық шахталарда орнатылады деген жоспарда бар.

Президент индустриялды өңірге қарасты Саран қаласының экономикасын әртараптандыру жұмыстарын да атап өтті. Мұнда автокөлік дөңгелегін және тұрмыстық техника шығаратын зауыттар ашылды.

Саян Қуанышбеков, Саран шина зауытының жұмыскері:

- Бізде Сараннан және Қарағанды обылсынан көптеген тұрғындар жұмыс атқарып жатыр. қазір заманауи техникаларға сай жабдықтармен қамтылған.

Жаңа кәсіпорындардың арқасында Саран қаласы моноқалалар санатынан шығарылып, дербес дамыған шаһарлар санатына қосылды.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар