Үлкен ауылының тұрғындары АЭС салу мәселесіне қолдау білдірді
Президент Жолдауында атом электр станциясын салу мәселесі айтылды, деп хабарлайды 24kz.
Алматы облысында стратегиялық нысан орналасатын жердің бірі ретінде Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылы таңдалған болатын. Аталған елді мекеннің тұрғындары АЭС құрылысын жүргізу бойынша жер-жерде ашық қоғамдық тыңдау өткенін және осы мәселеге қатысты нақты шешімнің референдум арқылы қабылданатынын құптайды. Алматы облысы жылына 550-630 МВт электр қуатын тұтынады. Оның жартысы өзінде өндірілсе, қалғанын сырттан сатып алуға мәжбүр. Облыстың электр энергиясын тұтыну көлемі 2050 жылға қарай 3000 МВт-қа дейін жетуі мүмкін. Өйткені мұнда 4 жаңа индустриялық аймақ салу жоспарланған. Президент өз Жолдауында тағы бір мәрте тоқталып өткен Алатау қаласының құрылысы үш кезең бойынша жүзеге асады. Болашақта бұл жаңа қалада жылына 1800 МВт электр қуаты тұтынылады.
Сергей Третьяков, Үлкен ауылының тұрғыны:
- Мен Қазақстан аумағынан атом электр станциясын салу туралы бастаманы қолдаймын. Өйткені біздің еліміз үшін энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу өте маңызды. Болашақта ел аумағында көптеген кәсіпорындар салынып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Ал энергетикалық қауіпсіздік мәселесінде көрші елдерге үміт арта беруге болмайды.
Зинаш Күштекова, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:
- Бізге өте өзекті мәселе атом электр станциясы. Мен өзім осы алдыңғы күні ядролық физика институтына барып, өзім көзіммен көрдім осы жерге келердің алдында. 300 адам, осы ғалым болған ол жерде. Диссертация қорғаған, көбі қазір «Қазатомпромда» жұмыс істейді екен. Курчатовта жұмыс істейді. Басқа да мемлекеттерде жұмыс істейтін біздің қазақтан шыққан ғалымдар өте көп Қазақстанның ғалымдары. Сондықтан айтайын дегенім, бұл экологиялық жағынан жаңағы адамның денсаулығына да зиян келмейтін фактор бар бұл жерде.