Алматы облысында 1200 орындық жаңа мектеп ашылды

Алматы облысында 1200 орындық жаңа мектеп ашылды

Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Елтай ауылдық округінде 1200 орындық жаңа мектеп қолданысқа берілді, деп хабарлайды 24kz.

Бұл әлеуметтік нысан Президент пәрменімен жүзеге аса бастаған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды. Білім ошағы 3 гектар жерде орналасқан. Елтай ауылында бұған дейін бірде бір мектеп болмаған еді. Балалар көрші ауылдарға қатынап оқып келді. Алматы облысында 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 54 600 орындық 53 мектеп салу жоспарланған.

Әсел Еркінбаева, Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Жалпы Қарасай ауданы бойынша бүгінгі күнге 6 мектеп үш ауысымда болған болатын. Кеше Қошмамбет атындағы орта мектепте бір мектеп қолданысқа берілді. Бүгін осы мектебіміз қолданысқа беріліп жатыр және болашақта тағы да төрт мектебіміз қолданысқа беріледі. Үш ауысым мәселесі сонымен шешілу керек.

Гүлжан Өнербайқызы, Елтай ауылының тұрғыны:

- Ауыл тұрғыны ретінде, әрине, өте қуаныштымыз. Бұл Елтай ауылында 62 жылдан кейін салынып тұрған алғашқы ғимарат. Балалар бұрын тасымалданатын. Қазіргі күні мынандай ғимаратта оқу, әрине, арман. Ауыл өте қуанышты. Үкіметімізге, Президентімізге алғысымыз шексіз.