Елде қандай маман тапшы?
Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында су, энергетика, құрылыс салаларындағы кадр тапшылығын жою қажет деді.
Президенттің айтуынша, экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Мемлекет басшысы:
- Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады. Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн.
Бұл бағытта Су ресурстары және ирригация министрлігі су саласы мамандықтарына сұранысты арттыру бойынша шаралар қабылдап жатыр. Мысалы, «Болашақ» бағдарламасына «Гидрогеология», «Су ресурстары» және «Су қауіпсіздігі» секілді мамандықтар енгізілді. Бұдан бөлек су шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталықтары ұйымдастырылып, халықаралық серіктестермен бірлесіп жоғары оқу орындарында жаңадан «Су дипломатиясы» мамандығын енгізу жоспары бар.
Әлия Оспанова, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы:
- Біздің негізгі мақсатымыз – әрине су және басқа да маңызды қажетті инженерлік техникалық жаратылыстану, энергетика, құрылыс салаларындағы мамандарға көмек көрсету. Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы аясында 20 түлегіміз осы су аясында даярланған мамандар болып саналады. Оның 16-сы қазіргі таңда «Болашақ» бойынша, қалған 4-уі «500 ғалым» ғылыми тағылымдамасы бойынша шетелден тәжірибе алмасып, елімізге қайтып оралып, жұмысқа орналасты.