Сурдоаударма. Маман жоқ, мұқтаждық бар

Елде сурдоаудармашыларды оқытатын бірде бір білім мекемесі жоқ.

Сол себепті мұндай байланыс түрін меңгеруге ниеттілер жеке курстарды жағалауға мәжбүр. Әрине қоғамда тілмаш аз болған соң сұраныста жоғары. Ал оларды көбейтудің қандай амалы бар? Өздері не дейді?

Елде 732 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар. Тағдырлы тұлғалардың 31 мыңы есту қабілетінен айырылғандар. Оның 5,6 мыңы ести де, сөйле де алмайды. Яғни, осынша адам сурдоаудармашылардың қызметіне мұқтаж. Ал тілмаштар тапшы екені түсінікті.

Сайлаугүл Омарханова, "Қазақстан саңыраулар қоғамы" ҚБ президенті:

- Қазір осы ым тілінің негізі мемлекеттік деңгейде мәртебесі жоқ. Ым – күнделікті өмірде емес, оқу, басқа мәселелерде қолданылатын тіл. Сондықтан менің ойымша, мемлекеттік тіл жүрген жерде ым болу керек. Енді ол мәселе шешілген жоқ, өз шешімін тапқан жоқ. Жоғары оқу орындарында ондай мамандар оқытылмайды, өкінішке орай. Басқа елдерде, мысалы Ресейде болсын, Беларусь те университеттерде оқытады. Ал бізде ондай оқу орны жоқ.

Иә, ым-ишара тілін түсіндіріп, маман даярлайтын бірде бір білім мекемесі жоқ. Жұрт жеке курстарда меңгереді, мұны. Солардың бірі – Диана. Алғашында ата-анасына аударма жасап көмектескен екен. Қазір мыңдаған адамның қажетіне жарап отыр. Ол қызмет ететін орталыққа күніне оншақты адам келіп, түрлі қызмет түрін пайдаланады. 

Диана Тагирзянова, сурдоаудармашы:

- Ым-ишара тілін – ана тілім деп айтсам болады. Себебі ата-анам есту қабілетінен айырылған. Бала кезден соларға көмектестім. Артынша бұл қабілетімді көптің игілігіне жұмсауды жөн көрдім. Қазір біздің орталықта түрлі қызмет түрі қарастырылған. Көбіне мүмкіндігі шектеулі адам мен өзге қоғам мүшелері арасында онлайн аударма жасаймыз. Мәселен, қолдауды қажет ететін жан қиын жағдайға тап болса, бізге хабарласады. Ал біз оның ым-ишара тілінде айтақанын, әрі қарай құзырлы органдарға жолдаймыз. 

Қазақстан саңыраулар қоғамы қоғамдық бірлестігінде де 169 сурдоаудармашы жұмыс істейді. 87 жылдан бері есту қабілеті бұзылған жандардың тілі һәм құлағы болып келе жатқан ұйымның елде 16 филиалы бар. Дегенмен, мемлекет мезіреті бәріне бірдей жете бермейтінін айтады.

Сайлаугүл Омарханова, "Қазақстан саңыраулар қоғамы" ҚБ президенті:

- Емханаға болсын, басқа жақта болсын бірге жүріп, сол адамдарды бірге тұрады, көмек көрсетеді барынша. Енді қоғам болғаннан кейін, олар қоғамның мүшесі болғаннан кейін әрине жылына 60 сағат беріледі, қызмет көрсетуге, сурдоаудармашыларға. Жетпеген уақытта жұмыстан тыс уақытта қызмет көресетеді.

Сондай-ақ, сурдоаудармашылар ақпарат саласында да сұранысқа ие. Журналистің жазғаны жұртқа түсінікті, айтқаны ұлтқа ұғынықты болу керек. Тіпті, көру, есту қабілеті бұзылған бұқараға да жаңалықты жедәл әрі бүкпесіз баяндау маңызды. Мұндайда тілшілердің айтқанын тағдырлы жандарға тәтпіштеп түсіндіру үшін сурдоаудармашылар жұмыс істейді. Дегенмен, мұнда да мәселе бар.

Сайлаугүл Омарханова, "Қазақстан саңыраулар қоғамы" ҚБ президенті:

- Телеарнадағы аударманың бәріне бірдей көңіліміз толады деп айтуға болмайды. Әрине, Қазақстан каналы, Хабар, Хабар-24 мысалы, бұл каналдардағы терезенің көлемі біздің өтінішімізбен үлкейтілді. Ал қалған комерциялық каналдарда өте кішкентай. Сондықтан өзі естімейтін адам, ананы өзі қартайған кісі болса, оны көруге тіпті көзі шаршап кетеді.

Жангелді Бекбатыров, "Қазақстан саңыраулар қоғамы" ҚБ вице-президенті:

- Телеарналардағылар ойлайтын шығар, бұл жерде ең маңыздысы қолдың қимылы деп. Жоқ, олай емес. Негізінде адамның артикуляциясын байқау керек, оның эмоциясын көруіміз керек, еріннің қимылын анық көруіміз керек. Сондықтанда мына біздің ұсынысымыз, шетелдегі Германияны алатын болсақ, ол жерде экранның 3/1 бөлігін алады, сурдо аудармашы. Ол жерде барлығы анық көрінеді. Сонда ақпаратты толық қанды қамтуға болады.

Жыл санап есту қабілетінен айырылған жандардың қатары көбейіп келеді. Бұл дегеніңіз сурдоаудармашыларға сұраныс одан сайын арта түседі деген сөз. Ал бізде сапалы маман даярлау ісі ілгерлемей тұр. 

Шернияз Жалғасбекұлы, Арман Ақшабаев, 24.KZ