Қостанайда жұмысшы мамандарға сұраныс жоғары

Қостанай облысына жыл сайын екі мыңнан астам жұмысшы маман қажет.

Әсіресе электрик, дәнекерлеуші, жүк көлігінің жүргізушісі сияқты  мамандықтарға сұраныс зор. Мемлекет басшысы өз жолдауында техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалап, еңбек адамының мәртебесін көтеру қажет деп тапсырды. Сала мамандары бұл кадр жетіспеушілігі мәселесін шешуге ықпал етеді деген пікірде.

Қостанайдағы оқшаулау орталығында 250 мыңнан астам ауылшаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектері шығарылады. Мұндағы мамандарды темірден түйін түйген шеберлер десе болады. Арасында токарлықты меңгерген жастарда аз емес. Солардың бірі – Жандос Қабдыраш. Жас жігіттің арманы машина жасау саласының майталман маманы болу.

Жандос Қабдыраш, токарь:

- Біздің Президентіміз өз Жолдауында 2025 жыл Жұмысшы мамандарының жылы болатыныдығын айтты. Біз өте қуанамыз және мақтанамыз. Өйткені жұмыстың көзін тапқан, байлықтың өзін тапқан деп Мемлекет басшысы нақ айтты.

Осы сегіз айдың ішінде бұл зауыт 900 комбайн, трактор жинап шығарған. Жақында кәсіпорында тағы бір өндіріс желісі іске қосылмақ. 

Динара Шүкіжанова, зауыт президенті:

- Жолдауда Мемлекет басшысы ел дамуының маңызды бағыттардың бірі – инвестиция тартып, өнеркәсіпті өркендету екендігін атап өтті. Біз сол машина жасау өндірісін жергіліктендіруге ерекше маңыз беріп отырмыз. Жақында Берлиннен оралдым. Ол жақта ірі әлемдік бренд саналатын дән сепкіш кешенін бізде шығару жөнінде келісімге келдік.

Мемлекет басшысының тағы бір алға қойған міндеті – техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау. Бұл бағытта да өңірде кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Машина жасау саласының қарқынды дамуы, техникалық мамандардың қажеттілігін тудырды. Қазір жергілікті автозуыт Автомобиль көлігі колледжімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Биыл оқу орынында кәсіби құзырет орталығы ашылды. Ол жерде студенттер машинаның ұсақ тораптарын дәнекерлеп, бояп, өз қолдарымен жинайды.

Бекзат Серіков, Автомобиль көлігі колледжінің студенті:

- Бұл кішігірім завод осы колледжімізде ашылып жатыр. Мұнда балалар тек қана теориялық тұрғыда емес, практикалық тұрғыда да мынау барлық машинаны қолмен ұстап, үйреніп, заводқа барғанда тезірек завод жұмыстарын игеріп кетеді.

Қазіргі кезде автоколледжде 1400 адам тегін білім алып жатыр. Оқу орыны түлектерінің 80 проценттен астамы машина жасау саласында жұмыс істейді.

Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров, 24.KZ, Қостанай