СҚО-да интернетте алаяқтарға алданғандар саны 20% өсті

Солтүстік Қазақстан облысында биыл интернет алаяқтардың арбауына түскендер саны 20%-ке өскен, деп хабарлайды 24KZ.

Себебі технология дамыған сайын қауіп түрі артып, елде ғаламтор арқылы жасалатын қылмыс белең алып барады. Бұл мәселеге Президент те ерекше назар аударып, кешегі Жолдауында құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуді жүктеді.

Петропавл қаласының 30 жастағы тұрғыны банктік картасын бөгде адамның қолдануына рұқсат берген. Соны пайдаланған алаяқтар оның есепшоты арқылы жымысқы әрекетін жүзеге асырды. Бір сәтте қылмыскерлердің сыбайласы атанған ол енді жәбірленушілерге 6 млн теңге төлеуі тиіс.

Петропавл қаласының тұрғыны:

- Банк картасын ашып, оларға бердім. Осылайша, азын-аулақ ақша тапқым келді. Картаны берген соң бірнеше күн өткенде полицейлер хабарласты. Сол кезде алаяқтық жолмен жымқырылған қаражат менің шотым арқылы аударылғанын білдім. Содан бастап басымнан бұлт арылмады, сот арқылы  жәбірленушілердің ақшасын қайтарып жатырмын. 

Жыл басынан бері полицейлер интернет қылмысқа қатысы бар 300-ден аса күдіктіні анықтады. Олардың қатарында білместікпен алаяқтардың сыбайласына айналып кеткендері де бар. Сондықтан тәртіп сақшылары жастардың арасында заң талаптарын және сақтық шараларын тұрақты түрде  түсіндіріп тұрады.

Дамиан Грибовский, студент:

- Алаяқтар бәрін байыппен, асқан сақтықпен жасайды. Тіпті банк қызметкері ме, жоқ па ажырата алмайсың. Сондықтан адамдар олардың айтқанына тез көнеді. Қауіпсіздік ережелерін туған туыстарыма, достарыма айтып ескертем. 

Милена Балацкая, СҚО ПД криминалды полиция басқармасының жедел уәкілі:

- Алаяқтар әдетте әлеуметтік желіге және Telegram-каналға жұмыс орны  туралы жарнама береді. Аз уақытта қомақты қаржы табатынын көрсетеді. Сол арқылы адам тартып, олардың банктегі есепшотын пайдаланады. Картасын беріп, қызмет көрсеткен адамдарды ел арасында «Дроп» деп атайды. Олар қылмысты ұйымдастырушы емес, орындаушы. Күдіктілер азаматтық және қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Солтүстік Қазақстан облысында интернет алаяқтардың арбауына түскендер саны 20 процентке артқан. Биылдың өзінде 530 қылмыстық іс тіркеліп, тұрғындардың шотынан 600 млн теңге қолды болды.   

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Наталья Волкова, Қуаныш Қазбеков.