Аягөзде 4 ауылға су құбыры тартылып жатыр

Абай облысының Аягөз ауданында 48 шақырым су құбыры тартылып, 4 мыңға жуық адам биыл тіршілік нәріне қол жеткізеді, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір өңірдегі 29 елді мекенде ауызсу тапшы. Жергілікті билік өкілдері: «2025 жылға дейін 53 жоба іске асады», – дейді. Осылайша, тұрғындарды түгелдей ауызсумен қамту жоспарланған. Қазір аудандарда су құбырын тарту жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Бақыт Абдрахманованың Аягөз ауданында тұрғанына 30 жыл. Айтуынша, осы күнге дейін суды 1 шақырым жердегі құдықтан тасып ішкен. «Оның өзі күнде істен шығатын», – дейді. Аудан тұрғыны су құбыры тартылған соң жағдай өзгереді деген сенімде.

Бақыт Абдрахманова, аудан тұрғыны:

- Су келсе, әрине, жақсы болар еді. Судың бар болғаны жақсы ғой. Осы уақытқа дейін «флягымызды» сүйретіп, бір шақырым жерден су тасып келдік, шынын айтсақ. Бір апта болды бастағандарына. Арғы көшеге де, біз жаққа да тартылып жатыр. 1 аптаға жетпей 10 үйге тартып тастады.

2025 жылға дейін Аягөз ауданындағы 27 көшеге су құбыры тартылады. Бұған бюджеттен 375 млн теңге бөлінген. Құрылыс кестеге сай жүрсе, 1259 отбасы таза суға қол жеткізеді. 

Қымбат Түсіпжанова, аудан тұрғыны:

- Су келіп жатқанына осы көше тұрғындары болып қуанып жатырмыз. Осыған дейін су тасымалды болатын. Қыстай қиналатынбыз.

Облыс тұрғындарын ауызсумен қамту үшін 53 жоба әзірленген. Ол бойынша 14 ауылдық округте су құбыры тартылады. Бұған бюджеттен 8 млрд теңге қарастырылған. Биыл Аягөз ауданына қарасты 4 ауылдық округке су тартылып жатыр.

Қанат Әділбай, Аягөз ауданының әкімі:

- Ауылдық жерлерге тоқталатын болсақ, су құбырын тарту бойынша негізі қазір ауданымызда 4 ауылдық округта су құбырын тарту жүргізіліп жатыр. Ол – Ай, Қопа, Байқошқар және Малкелді ауылдары. Қазірдіңі өзінде тиісті қаражат республикалық бюджеттен бөлініп отыр. Жаңағы айтып өткенімдей, бұл құрылыс жұмыстарының барлығы келесі жылы аяқталуы керек.

Қазір өңірде 50 мыңға жуық адам тіршілік нәріне зәру. Жергілікті билік өкілдері 2025 жылға дейін мәселені шешіп, облыс тұрғындарын түгелдей ауызсумен қамтуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.