Жүк тасымалы 5 есе өседі

Елде темір жол құрылысы қайнап жатыр. Үш бағытта мың шақырымнан аса жаңа жол түседі.

Жүк тасымалы еселеп өсетін түрі бар. Мәселен, "Достық-Мойынтының" екінші бағытының құрылысы бітсе, Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк жеткізу 5 есеге артады. Сол секілді жаңадан ашылатын "Дарбаза-Мақтарал" темір жолы мен Алматы станциясындағы айналма қатынастан күтер үміт көп.

Нұржан Келбұғанов, ҚР КМ Темір жол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары:

- Ең бірінші жоба – "Достық-Мойынты" учаскесіндегі екінші темір жол салынып жатыр. Ұзындығы 836 км. Екінші жоба – Алматы айналма теміржолы. Ұзындығы 72 шақырым. Үшінші жоба – "Дарбаза- Мақтарал" темір жолы. Бұл Өзбекстанға шығатын үшінші түйіспе жолы болады. Өйткені өздеріңіз білесіздер, бізде Өзбекстанмен және Орталық Азияға жүктердің, оның ішінде экспорт жүктерінің жылдан жылға өсіп жатқаны белгілі.

Тасымал тарифі өсуі мүмкін

Келер жылдан бастап тасымал құны өсуі мүмкін.

Қазақстан халқына жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев, салаға серпіліс беру үшін тариф саясатын қайта қарауды тапсырған. Себебі біздегі баға көршілес елдерге қарағанда бірнеше есе арзан. Енді жауаптылар тыңнан түрен салуға ниетті. 

Нұржан Келбұғанов, ҚР КМ Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары:

- Қазақстан Теміржолының қолданылып жатқан тарифі басқа көршілес елдерден өте төмен. Мысалы көршілес Ресейден 2,5-3 есеге дейін, Қырғыздан 4-5 есеге дейін төмен. Ал енді тіпті Өзбекстанмен салыстырғанда 10 есе төмен. Осының бәрін дұрыс жүйеге қою үшін тарифтік методологиясын ауыстыру керек. Осы бойынша Прайс хаус компаниясымен Қазақстан Теміржолы келісімшарт жасады. Осы компания жылдың аяғына дейін Қазақстандағы теміржол методологиясын қарастырып, оны барлық бизнес өкілдірімен келісіп, келесі жылдың бірінші кварталында іске қосуымыз керек.