Теміржолмен теңізге шығу мүмкіндігі артады
Еліміз теміржол арқылы теңізге де шығады. Бұл тұста да әлеуетіміз айтарлықтай артады.
Ақтау портында контейнерлік хаб құрылысының бірінші және екінші кезеңі келесі жылы аяқталады. Елдің басты теңіз айлағы қазір жылына 120 мың контейнерді қабылдай алады. Ал құрылыс біткен соң 300 мың контейнер жөнелте алады. Транскаспий халықаралық көлік жолындағы құрылыс барысын тілшіміз көріп қайтты.
Ақтау теңіз порты Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызды бөлігі. Нақты айтсақ, Қытайдан контейнермен шыққан транзиттік жүк теміржол арқылы қазақстандық су айлағына келеді. Сол жерде кемеге тиеліп, шетел асады. Бұл ретте контейнерлік хаб салу еліміз үшін аса маңызды. Келешек порт қызметін тұтынушылар әртүрлі жүкті автокөлік немесе вагонмен жеткізіп, одан әрі контейнермен жөнелтуіне қолайлы жағдай жасалады. Жоба «Ақтау порты» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асып жатыр.
Қайрат Калиолла, "Ақтау теңіз сауда порты" ҰК АҚ көлік-логистика бөлімінің бас менеджері:
- Осы айда хаб салынатын аумаққа топырақ әкелу, алаңдарды дайындау басталады. Бұл жұмысты келер жылдың күз айлары аяқтау жоспарда. Жоба транзиттік жүктен бөлек, отандық түрлі-түсті металл, ауылшаруашылығы өнімдерін шетелге экспорттауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қытай-Еуропа бағытымен халық тұтынатын тауарлар, құрылыс материалдары тиелген контейнерлер тасымалданады.
Бүгінде Ақтау портының мамандары жылына жиырма фунттық 70 мың эквивалент контейнерді қабылдап, өткізіп отыр. Тальман Жолдасбай Сейсенбаев контейнерлік жүктерді қабылдау, жөнелту бөлімінде 30 жылдан бері қызмет етіп келеді. Порт қызметкерінің айтуынша, кез келген жүк туралы мәлімет цифрлық базаға жүктеледі.
Жолдасбай Сейсенбаев, "Ақтау теңіз сауда порты" ҰК АҚ жүктерді қабылдау-жөнелту бөлімінің тальманы:
- Қытайдан контейнерлер платформа арқылы келеді. Сол платформа арқылы келген контейнерді қабылдап, бірінші нөмірлерін қағазға жазамыз. Содан кейін планшетке жүктеп, өз орындарына алаңдарға жіберіп отырамыз. Қазір көптеп контейнер келіп жатыр. Көптігі сондай, қоюға орын жетпей жатыр. Біз уақытында қабылдап, кемеге жүктеп жібереміз.
2025 жылы Ақтау портында контейнерлік хаб қолданысқа берілген соң 19 гектар аумақта жылына 300 мыңға дейін жиырма фунттық контейнер сақтауға мүмкіндік туады. Қазір қазақстандық су айлағы, көлік-логистика қызметін көрсетуші компания мен Қытайдың «Ляньюньган» портының қатысуымен бірлескен кәсіпорын құру жұмыстары жалғасуда.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, 24.KZ, Ақтау