Ауыл тұрғындарының жанайқайы. Көпір кетсе, көмірсіз қаламыз-ау...

Абай облысындағы Үшбиік ауылының тұрғындары тозығы жеткен көпір арқылы аудан орталығына қатынауға мәжбүр.

Ауылды Ащысу өзені екіге бөліп тұр. Екі аралықты жалғап тұрған көпір болса, апаттық жағдайда. Жауын-шашын күндері жүк көліктері жиі жолда қалып қояды. Көпір құлайтын болса ауылға көмір жеткізу де қиындамақ. Халық жергілікті билікке шағымдарын жеткізген. Алайда әлі күнге дейін нәтиже жоқ.

Төлеубек Ахметжанов Үшбиік ауылының байырғы тұрғыны. Ал көне көпір өткен ғасырдың 70-жылдары салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмепті. 

Төлеубек Ахметжанов, ауыл тұрғыны:

- Бұл мәселе шешімін таппай келе жатыр. Құжаттары былтырдан бері жасалды деп айтылды, бірақ өзіміз көрген жоқпыз. Тамыз айы болды, міне, ешқандай құжат та көрген жоқпыз, ақшаның бөлінгенін де естіген жоқпыз. Ешқандай жұмыс басталған жоқ.

Бұл көпір соңғы рет 2011 жылы күрделі жөндеуден өткен. Содан бері ешқандай жұмыс жасалмаған. Көктемдегі су тасқыны кезінде қарғын су шайып, қоршауын құлатып кеткен. Қазір бұл нысан апаттық жағдайда тұр. Жергілікті халықтың айтуынша, жауынды күндері жүк көліктері өте алмай, бірнеше мәрте жолда қалған.

Тұрсын Муксинов, ауыл тұрғыны:

- Қорқып отырмыз, алаңдаған деген ол түк емес қой. Ел бала-шағасына қорқып отыр ғой мынадан. Көпірден құлап кетуі мүмкін. Ондай жағдайлар болды. Ол тағы да қайталануы мүмкін ғой. Тыныс-тіршілігіміз осы арқылы. Ертең көмір, шөп бар. Білмейміз ғой қандай қыс болатынын.

Жауын күндері бұл жерден жүк көліктері өте алмайды. Талай мәрте жолда қалғаны да рас. Тұрғындар егер көпір құласа, күзде көмірсіз қаламыз ба деп алаңдайды.

Берік Самежанов, Жарма ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазір оған ағымдағы жөндеу жүргізіп отырмыз, ұстап отырмыз. Қазіргі таңда енді қатынас бар. Күрделі жағдай болғаннан кейін біз көпір салуды алдын-ала жоспарлай алмағанбыз. Бюджеттік өтінім бердік. Қаржыландыру көзі қалай шешіледі, біз солай құрылысты бастаймыз.

Үшбиік ауылында салынатын жаңа көпірдің құжаттары мемлекеттік сараптамадан өткен. Мамандардың айтуынша, нысанды салуға 362 млн теңге қаржы қажет. Аудан әкімдігі облыстық басқармаға бюджеттік өтінім жіберген. Жергілікті билік қаражат бөлінген бойда құрылысты бастаймыз деп сендіріп отыр. 

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов, 24.KZ, Абай облысы