«Халал деген қазаннан»... халал емес қоспа шығып жүрмесін
Малды адалдап сойып, ас қамдағанмен оған қосылатын қоспасы қандай? Адал деп жазылған өнімді кімдер дайындап, кімдер тексереді?
Қазір тағам қоспаларының көбі Қытай мен Ресейден импортталады. Бірақ сырттан келетін өнім құрамының сертификаты болғанымен, оның тазалығы қай шамада екенін былайғы жұрт біле бермеуі анық.
Палауға, сорпаға, қуырдаққа қосылатын қоспалар бар, ал бұл тортқа өң беретін қоспа. Иә, өздеріңіз байқағандай қазір тамақ қоспаларының түр-түрі бар. Алайда оның қаншасы талапқа сай? Қаншасы қауіпсіз? Бұған назар аударып көрдіңіз бе?
Алмат Орынғалиұлы, Ұлттық аккредиттеу орталығының әдіснама және нормалау департаментінің басшысы:
- Мысалға желатинді алатын болсақ. Желатин техникалық регламент талаптары бойынша қауіпсіздік талаптарына түбегейлі жауап беруі мүмкін. Бірақ та халал талаптар бойынша желатиннің шығу тегін анықтауымыз керек. Себебі тамақ қоспалары өзінің шығу тегі бойынша халал емес өнімдерден шығуы мүмкін.
Яғни ел білетін талаптардан бөлек, ол өнімнің жасалу жолы, өндірісі де талапқа сай болуы қажет. Сонда ғана ол халал өнім деген құжатқа лайықты болады дейді маман.
Алмат Орынғалиұлы, Ұлттық аккредиттеу орталығының әдіснама және нормалау департаментінің басшысы:
- Шығу тегіне келетін болсақ, жалпы ол қандай өндірісте өндірілді? Өндіріс қаншалықты сәйкес болды? Қоспаның шығу тегі, мысалы арам өлген малдың сүйектерінен де, терісінен де желатинді алуға болады. Сол себепті бұл жерде жалпы қауіпсіздік мәселесі бойынша қарайтын болсақ, халал талаптар бойынша бауыздалмаған мал, сол малдан алынған ол да халал емес болып шығады.
«Халал» сөзі діни мағынадағы сөз болғаннан кейін ел тек арам малдың ДНҚ-сы немесе басқа да дін бойынша тыйым салынған зат болмаса болды деп қарайды. Көбінде арнайы сертификаттарына мән береді.
Райгүл Сайлаубайқызы, кассир:
- Ең бірінші біз олардан документтерін сұраймыз. Яғни Қазақстан діни басқармасы төрағасының ұсынған халал сертификаты болады. Ең бірінші соны береді бізге.
Ал халал сертификатын алу үшін өзіңіз ұсынған өнімнің өндірілетін орнынан бастап, дүкенге жеткізілуіне дейін адал екенін дәлелдеуіңіз қажет.
Марат Сәрсенбаев, Қазақстандағы халал индустрия қауымдастығының төрағасы:
- Қандай өнім шығарасыз? Осындай өнімдер шығарамын. Ал ол өнімдердің барлық сертификатын, қауіпсіз сапалы деген сертификатын бізге жібер дейміз. Екіншіден бүкіл құрамын жібер. Сосын оны жүргізетін мамандардың дипломдарын жібер, оның бәрін қараймыз. Одан кейін барып мынау жарайды дегеннен кейін біздің эксперттер сол заводқа барып, оны тексереді.
Елде қазір халал сертификатын беретін бір ғана ұйым аккредитациядан өткен. Одан бөлек ресми тіркелмеген орындар да бұл құжатты ұсына алады. Бірақ олардың тауар сапасына қаншалықты жауапкершілік арқалайтыны белгісіз.
Зарина Кәп, Өрден Жарқын, 24.KZ