Жамбыл облысының еріктілері мұқтаж жандарға 26 үй сыйлады
Жамбыл облысының еріктілері мұқтаж жандарға үй сыйлап, қуантып жүр, деп хабарлайды 24kz.
2 жыл ішінде 26 көпбалалы отбасыға баспана кілтін табыстады. Сонымен қатар азық-түлік, киім-кешек және балалардың оқу құралдарын алып берген.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Айгерім Жиенбаеваның отбасы 5 жыл бұрын қиын жағдайға тап болды. Қызын ауыр дерттен емдеп алу үшін қолда барын сатып, еміне жұмсаған. Содан бері үй жалдап жүрген Айгерімді қайырымдылық қордың еріктілері ерекше сыймен қуантқан. Кең әрі жайлы баспанаға көшкен отбасы қиындықтың артта қалғанын айтады.
Айгерім Жиенбаева, қала тұрғыны:
- Бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрдым. Өзім көпбалалы анамын. 6 баланың анасымын. Қазіргі таңда қайырымдылық қоры осындай кең, жарық үй сыйлады. 1 жылдың ішінде 5-6 пәтерге көшіп-қонып жүрдік. Қиын балалармен көшіп-қонған. Мектеп ауысады. Мектеп ауысқасын балалардың психологиясы да бұзылады. Ол оңай емес. Қазіргі таңда тұрақты мектептерінде балалар. Сабақтарын жақсы оқып жатыр.
Еріктілер баспана сыйлап қана қоймай, көпбалалы ананың кәсіп ашуына да жәрдемдескен. Қайырымдылық қоры берген көтермеақының арқасында қазір Айгерім кеңседе компьютерлік қызмет көрсетумен айналысып жүр. Еріктілер бұған қоса мұқтаж жандарға азық-түлік пен киім-кешек те алып береді.
Сухраб Шаюсупов, ерікті:
- Мүгедектікті рәсімдеуге де көмектесеміз. Сондай-ақ мұқтаж жандардың білім алуына да жәрдемдесеміз. Өткен жылы басталған «Кең жүрек мың бала» жобасы аясында аз қамтылған отбасыдан шыққан 14 баланы түрлі мамандық бойынша оқыттық.
Былтыр қайырымдылық қоры мұқтаж 15 отбасыға тегін үй берген. Биыл 11 отбасы баспаналы болды. Үйдің орташа құны – 10 млн теңге. Бұл қаражатты жинауға қала тұрғындары мен демеушілер көмектеседі.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Анастасия Сүлейманова, Бақытжан Бапаев, Эльдар Байділдә