ШҚО ғалымдары АЭС салудың артықшылықтарын талқылады
Қазақстанда энергия тапшылығының өсу себептері мен атом электр станциясын салу мүмкіндіктерін Өскемен техникалық университетінің студенттері мен ғалымдары талқылады, деп хабарлайды 24kz.
Еліміздегі тәжірибелік реакторларға қызмет көрсететін мамандар болжанып отырған энергетикалық дағдарыс қазірден сезіле бастағанын айтады. Оған әсер ететін басты факторлар – экономикалық өсім мен технологияның қарқынды дамуы. Ал, қуат тапшылығының алдын алудың тиімді жолы ретінде АЭС салу ұсынылады. Ғылыми консилиум форматында өткен кездесуде экология мәселесі де қозғалды. 10 жылдан астам уақыт Ұлттық ядролық орталықта жұмыс істеген Тоғжан Тоқтағанов: «егер Қазақстанда атом электр станциясы салынатын болса, ең озық технология қолданылады» дейді.
Тоғжан Тоқтағанов, ШҚТУ Экологиялық қауіпсіздік орталығының ғылыми қызметкер:
- Проценттік қарым-қатынаспен алып келетін болсақ, барлық атом электр станциялары реакторларынан 2% ғана апаттар болады. Ол 2% жақсы сабақ болды және де қауіпсіздік шараларын жоғарылатуға жақсы көмектесті. Егер де Қазақстанда АЭС салынса, осы халықаралық нормалар мен стандарттарды қолданып салынғанда, онда Қазақстанда электр энергияның тапшылығы болмайды.