Елордада Қазақстан жұмыс берушілерінің съезі өтті

Жиында еңбек адамының беделін арттырып, жұмысшылар мүддесін қорғаудың өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды 24kz.

Съезге алғаш рет Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры Жильбер Унгбо қатысып, елде іске асып жатқан құқықтық реформалардың нәтижелігін атап өтті. Жиында сондай-ақ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселесі қозғалып, маңызды ұсыныстар айтылды.

Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеледі. Ол үшін кәсіпкер тек табысты ғана емес, көптің қамын, жұмысшының жайын да ойлауы тиіс. Халықаралық конвенцияларда осы қағида тайға таңба басқандай жазылған. Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры Жильбер Унгбо Қазақстанның құқық қорғау бағытындағы іргелі қадамдарын ерекше атап өтті.

Жильбер Унгбо, Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры:

- Қазақстанда жалпыұлттық деңгейдегі реформалардың табысты іске асып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Кейбір елдермен салыстырғанда Қазақстанда құқықтық өзгерістердің жылдам жүзеге асып жатқанына куә болдым. Әлеуметтік диалогты нығайтуда жұмыстар аз емес. Біздің ұйым бұл жолда әрдайым қолдау көрсетуге дайын.

Білікті жұмысшы – кез келген бизнестің қозғаушы күші. Ал оны ынталандыру, әлеуметтік тұрғыда қолдау – жұмыс берушіге жүктелген міндет. Осы жауапкершілікті абыроймен атқарған кәсіпкерлерге Үкіметтен де, кәсіподақтан да үнемі демеу болуы тиіс.

Жұмабек Жанықұлов, «Paryz» ҚР Жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясы төралқасының төрағасы:

- Кез келген өзінің жұмысшысың айлығының жақсы болғанын қалайды, жағдайын жасайды. Ол жағынан ешкім қашпайды. Бірақ бизнеспен бірге жұмысшы өсу керек немесе бизнес өсу керек. Профсоюз, бизнес, Үкімет осы үшеуінің келіскені заң болу керек, оның күші болу керек.

Қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыру үшін кадрлық, өндірістік саясат пен әлеуметтік жауапкершілік бағытында жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқан кәсіпорындар баршылық.

Андрей Лазарев, кәсіпорынның атқарушы директоры:

- Әрбір тоқсан сайын біз ұжымда әлеуметтік зерттеу жүргіземіз. Біз оны өзарамызда кейде «үйдегі ауа райы» деп атаймыз. Осылайша, біз жұмысшыларымызда қандай мәселелер туындады, олардың басшылыққа қандай сұрақтары бар екенін анықтап, қандай да бір жағдайлардың алдын алуға тырысамыз. Яғни, ашықтық принципін ұстанып, жұмысшылармен тікелей диалог құрамыз.

Қазақстан жұмыс берушілерінің съезінде әлдемдік тәжірибені кеңінен қолдану мәселелері қозғалды. Бұл бағытта халықаралық еңбек ұйымымен ынтымақтастық аясы кеңейе түспек.

Авторлары: Қуандық Танабас, Мадияр Қындыбае