Елордадағы шағынаудан тұрғындары кәріздік станция құрылысына қарсы
Елордадағы шағынаудан тұрғындары үйлерінің маңында салынып жатқан кәріздік сорғы станциясының құрылысын тоқтатуды талап етіп отыр, деп хабарлайды 24kz.
Олардың айтуынша, мердігерлер бұл жұмысты заңсыз бастаған. Оның үстіне тұрғын үй кешеніне тақалып салынып жатқан станциядан ертең жағымсыз иістер шығады деп алаңдаулы.
Риат Шони, тілші:
- Елорданың оң жағалауындағы бұл тұрғын үй кешені жуырда бой көтерген. Пәтер сатып алған азаматтар кәріздік сорғы станциясымен «көрші» болатындықтарын да ойламаған. Бұл нысан осы жазда салына бастаған. Бірақ құрылыс жөнінде тұрғындардың ешкім ескертпеген екен.
Виктория Величко, қала тұрғыны:
- Бұл станция 2018 жылы жобаланған. Ол кезде бұл жерде ешбір тұрғын үй кешені болған жоқ. Сәйкесінше, осы аудан тұрғындарының қоғамдық тыңдауы сол жылдары өткізілген. Жоба жасалғаннан бері 6 жыл өтті. Бұл аралықта аудан халқы едәуір өсті.
Тұрғындардың сөзінше, сорғы станциясы су қорғау аймағында салынып жатыр. 100 метрдей жерде су айдыны бар екен. «Егер апаттық жағдай туындаса, қоқыстың барлығы сонда жетеді», - деп, алаңдаулы тұрғындар. «Бұған қоса, станциядан тарайтын жағымсыз иіс те бар», - дейді олар.
Виктория Величко, қала тұрғыны:
- Сүзгі орнатқанның өзінде ол аммиактан, өзге де газдардан толық тазартпайды. Деңгейін шекті рұқсат етілген концентрациядан төмендетер, бірақ иісі бәрібір де мұрынды жарады.
Тұрғындар базыналарын айтып әкімдікке де хабарласқан. Бірақ мардымды жауап болмаған секілді.
Санам Тұрдиева, қала тұрғыны:
- Біріншіден, біз құрылысты тоқтатуды талап етеміз. Бұл нысан Астананың 2035 жылға дейінгі бас жоспарында жоқ. Сондықтан барлық құжаттарды ретке келтіру керек. Инфрақұрылымның болғаны дұрыс. Біз оны жақсы түсінеміз. Бірақ экологиялық, санитарлық талаптарды да аттап өтуге болмайды.
Ал Астана бас жоспары мекемесінің сөзінше, сорғы станциясын салу барлық талаптарға сай жүргізіліп жатыр. Бұл маңда мұндай нысанның құрылысы 2007 жылы жоспарланған. Содан бері ескі үйлерді сүру мен келіспеген тұрғындармен сот та болған. Жауаптылардың сөзінше сорғы станциясы барлық нормативтік талаптарға сай.
Еркебұлан Файзуллаев, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС бас директорының орынбасары:
- 30 метр деген санитарно защитный зонасы бар. Егер соған сәйкес келсе, сорғы станциясы қойылады. Техникалық жағынан, норма жағынан сорғы станциясы сол жерде тұруы керек. План бойынша кәріз құбырлары әкелетін Күмісбеков көшесі бойынша салынды, Абай, Кенесары көшелері бойынша салынған үйлердің барлығы осы КНС арқылы кәріз суын тазарту станциясына апарады. Бұл КНС өте маңызды, керек.
Жалпы бүгінде елордада 200-ден астам кәріздік сорғы станциясы бар. «Соның 30-ғы жуығы осындай үйлердің маңына орнатылған», - дейді жауаптылар.
Авторлары: Риат Шони, Ғалымжан Абдылахат