Алматы облысында 5000 гектар жер қайта айналымға қосылмай келеді

Алматы облысында бес жылдан бері 5000 гектар суармалы жер қайта айналымға қосылмай келеді, деп хабарлайды 24kz.

Шаруалар су тапшылығынан алқап көлемін ұлғайта алмай, не өнім өсіре алмай отыр. Қарасай ауданындағы Ыстыбай су арнасы тозып, әр тұстан бұзылған. Ал арна өтетін жер телімдеріне үйлер мен коммерциялық нысандар салынды. 2020 жылы бұл арнаны қайта қалыпқа келтіру жұмысы қолға алынған. Бірақ еш нәтиже жоқ. Неге? Себебін тілшіміз анықтап көрді.

А.Садуақас, тілші:

- Бұл – Тұрар ауылындағы жеке қожалықтың 2 гектарға жуық жеміс бағы. Иесі 2012 жылы 1500 түп алма көшетін егеді. Алма сақтайтын қойма да салады. Бағбаны Құрманғазы Көпешов ағаштарды жаздай қолмен суғарып, зянкестерден қорғайды. Бірақ алма жақсы өсуі үшін арықпен суару қажет. Ол үшін ауыл іргесіндегі Ыстыбай арнасы жөнделуі керек еді. Амалсыз жер астыннан шығатын суық сумен суғара берген соң алма мен алмұрт тамыры солып, шетінен қурай бастады.

Құрманғазы Көпешов, бағбан:

- Суармалы су керек. Шлангіден болмайды. Грушаларды көрдіңдер ғой. Бермей қалды биыл. Суық судан. Мың түп бар мына жерде. 500-і кішірейіп, шықпай қалды. 500 түп.

Тұрар мен Үштерек ауылдарына қарасты егістік алқаптарына қажетті су К28 көліне жиналады. Көлдегі су бірнеше арнамен өзге де елді мекендерге ағады.

Алмас Садуақас, тілші:

- К28 су қоймасының жалпы су сыйымдылығы 6 млн текше метр. Биыл көлде су мол жиналғанымен етектегі 400 гектарға жуық алқапты суғаруға мүмкін болмады. Өйткені науа жүйесімен жасалған Ыстыбай мен Жаңбырбай  каналдары бұзылған. Отыз жыл бұрын істен шыққан ирригациялық жүйе аудан меншігінен Қонаев атындағы Үлкен Алматы Каналына 2020 жыл өтіпті.

2016 жылы Қарасай ауданында 111 шақырым су арналарын қалыпқа келтірудің республикалық жобасы қолға алынады. Жобаға Ыстыбай арнасы да кіреді. «Кейін қалыпқа келтіру жұмысы Қарасай ауданы әкімдігінен алынып, Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы мекемесіне жүктеледі.

Дәурен Нүсіп, Д.Қонаев атындағы ҮАК филиалының бөлім басшысы:

- Көбісінде проблемалар бар. Сол айтып жатырмын ғой, сол жерлер ИЖС-ке берілген. Үй салып жатқан. Сосын техника өте алмайды. Ққұрылыс-монтаждық жұмыс қалай жасау үшін мүмкіншілік болмай жатыр.

Алты жыл ішінде Тұрар мен Үштерек ауылдары ұлғайды. Егістік жерлерге үйлер салынып жатыр. Бұл Ыстыбай арнасын жөндеуге кедергі болғандықтан Үлкен Алматы Каналы мекемесі жобадан бас тартып, оны Алматы облысы әкімдігіне қайта тапсырмақ.

Дәурен Нүсіп, Д.Қонаев атындағы ҮАК филиалының бөлім басшысы:

- Бүгінгі күнге Департамент госимуществоға тапсырдық бүкіл документтерді. Енді қазір қарастырып жатыр. Документтері дұрыс болса осы апта ма келесі апта өткізу құжаттары дайын болады.

Елді мекенде 60-қа жуық шаруа қожалық егін егіп, бау-бақша өсіреді. «Ыстыбай арнасын әлі де жасауға болады», - дейді олар. Тек жүйелі жұмыс пен нақты әрекет керек.

Авторлары: А.Садуақас, Р.Жақыпап