Жетісу облысында жер беру конкурсы электронды жүйемен өткізіледі

Жетісу облысында ауылшаруашылық мақсатындағы жерді беру конкурсы электронды форматта өткізіледі, деп хабарлайды 24kz.

Қанатқақты жоба еліміз бойынша алғаш рет жүзеге асырылады. «Заң бойынша жер» деп аталатын бастама ашықтықты қамтамассыз ету мақсатында қолға алынды. Себебі салада көңілге күдік ұялататын мәселе көп. Оны Мемлекет басшысы жолдауында да айтты. Президент әкімдіктегілердің екі мыңнан аса заңсыз шешім шығарып, алқаптарды конкурссыз бергенін атап өтті. Электронды конкурс сол заңсыздықтың алдын алмақ.

Қараша айында Сарқан ауданындағы 1189 гектар жер электронды конкурсқа шығарылады. Соған сәйкес тұрғындар өтініші де онлайн қабылданады. «Жаңа жүйеде кәсібін енді ашқандарға және ауыл азаматтарына басымдық беріледі», - дейді саладағылар.

Ермек Әпеков, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Бұл жобаның артықшылығы – конкурсқа қатысушылар бизнес план әзірлеудің қажеті жоқ. Ветеринарлардан алатын анықтамаларды техникалар саны туралы құжаттарды жинап әуреленбейді. Бұл жерде азаматтар жерді лотты таңдап алады да электронды цифрлық қолтаңбасымен растайды. Сондай ақ бұл процессерге аудандық әкімдік қатыспайтын болады.

 

Үш жылда 488 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды

Былтыр өңірдегі шаруалардан 245 мың гектар бос жатқан жер алынды. Оның басым бөлігі қоғамдық қолданысқа берілді. Нәтижесінде Қапал сияқты ауылдарда жайылым проблемасы шешілді. Күн сайын өріске екі мыңнан аса ұсақ мал, 200-ден аса ірі қара шығатын елді мекендегі ең өзекті мәселені ақсақалдар көтерген болатын.

Құдайберген Әділбеков, ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі:

- Ауыл тұрғындарына ауыл маңайынан бірталай жер босап, жақсы болды ғой. Әйтеуір бір екі сауын сиырын ұстаса жақсы болды ғой. Мал жайып недәуір қуанып жатыр.

Жалғас Жарылқасын, Қапал ауылдық округінің әкімі:

- Ауылдың малы жайылу үшін 2800 гектар жерді қызыл сызыққа кіргіземіз. Қалған 4285 гектарды кішігірім шаруаларға жері жоқ азаматтарға таратылып беріледі.

Кейінгі үш жылда  Жетісу облысындағы 488 мың гектар алқап, жер ресурстарын басқару комитетінің қадағалауымен мемлекет меншігіне қайтарылды. Жұмыс қарқынын күшейтуге жерді пайдаланбағандарға салынатын салықтың көбеюі және 2023 жылы енгізілген оңтайландыру процесі оң ықпал еткен.

Мақсат Қартбаев, облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы:

- Бұрындары жер учаскесін қайтару үшін үш жылға жуық уақыт кететін. Бүгінгі таңда нысаналы мақсатта пайдаланбағаны үшін бірінші жылы Нұсқама беріледі, келесі жылы нысаналы мақсатта пайдаланылмағаны үшін сот тәртібімен мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіледі. Яғни, жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары бір жылға қысқартылды.

Жетісу облысы бойынша 80 ауылшаруашылық құрылымының басшысына нұсқама берілді. Келесі жылға дейін олар өз меншігіндегі алқапты пайдаланбаса, 81 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылады. Ал, жерді берудің электронды конкурсы оң нәтиже көрсетсе, жаңа жүйе республика көлемінде енгізілетін болады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов