Қостанайда да егін науқаны қаңтарылып тұр

Қостанай өңірінде алқаптың төрттен бірі орылды. Мұнда да жаңбыр сіркіреп тұр.

Бұлай бола берсе ылғал бидайдың сапасына кері әсерін тигізеді. Бірақ алдымен осы ырысты ысырапсыз жинап алу маңызды - дейді диқандар.

- Қазір құр сабағы қалып тұр, жапырағы жоқ. Сол жапырақ қана алады ғой дәнге нәрін бәрін сол.

Шаруа Сағындық Есментаев септориоз, тат ауруының кесірінен бидай өнімділігі күткендегіден төмен болады дейді. Бастапқыда гектарынан кемі 20 центнерден шығар деген болжам болған. Қазір 15-тен алсақ жақсы деп отыр. Сол азды-көпті өнімді жинап алуға жауын-шашын мұрша берер емес. Өткен аптада орақ салғанымен, соңғы екі күн тағы тоқтап тұр.

Сағындық Есментаев, шаруа қожалығының басшысы:

- Сыртынан қарағанда ол масақ әп-әдемі болып тұрғанмен, орған кезде түсім азайып қалады. Науқан кезінде де жауын күнде жауып, көп қиыншылықтар болып тұр. Бұл кезеңде біз бұрыңғы еккен егістігіміздің жартысын алып үлгіретінбіз. Бүгінгі күні 10-15 пайызын алып отырмыз.

Жалпы Қостанай ауданы бойынша осындай жағдай. Барлығы 360 мың гектар егістік алқабының бүгінгі күнге дейін 41 мың гектары ғана орылған. Орташа түсім былтырғы жылға қарағанда жоғары болуы мүмкін. Бірақ сапасына күмән бар.

Мейрамбек Бокишев, Қостанай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Өткен жылы жалпы 14 центнерден болды, биылғы жылы көптеген шаруашылықтар енді-енді бастап жатыр шаруаларын, орташа енді 15-тің үстінде болады. Әзірше егістікке жаңада кіргеннен кейін, ондай айтқан жоқ, бірақ сапасының сәл төмен болу ықтималдығы бар.

Соңғы мәліметке сүйенсек, облыс бойынша дәнді дақылдар алқабының 24 проценті орылған. Күніне 200 мың гектар орылады деп есептесек, қалған 4 миллион гектарды жинап алуға кемі жиырма күн керек. Ауа райы кедергі келтірсе, одан да созылып кетуі мүмкін. Бидайдың ылғалдылығы да шектен тыс көп. 

Кенже Жұмандықов, Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Жаңбыр болған соң, ылғалдылығы көбейді. Осының алдында 4-5 күн бұрын ылғалдылығы орташа, жақсы-тын, 14-15 пайызға дейін болатын. Қазір 18 пайызға дейін көтеріліп кетті.

Қыркүйек айы жауын-шашынсыз ашық болады деген синоптиктердің болжамы диқандардың көңілін бір серпілткендей. Егер сәттілік серік болса, қостанайлық шаруалар биыл 5 миллион тоннаға жуық астық алуы тиіс.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг, 24.KZ, Қостанай облысы