Маңғыстау облысында 200-ге жуық киберқылмыс ашылды
Биыл Маңғыстау облысында 200-ге жуық киберқылмыс ізі суымай ашылды.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды алдап ақша тапқан 89 ғаламтор ресурсын «Кибербақылау» жүйесімен анықтап, бұғаттаған. Бір қуанарлығы, шалғай аймақта компьютер, смартфонмен жасалатын заң бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында сала мамандарын даярлау қолға алынған. Қазір Ақтауда 60 студент «ІТ-құқық» мамандығын меңгеріп жатыр.
Алдау арқылы ақша табатындар өзін полиция немесе мемлекеттік уәкілетті орган қызметкері ретінде таныстыруға көшті. Смс-хабарлама түрінде жолданған ғаламтор сілтемесіне өтуді сұрайды. Талапты орындамаған адамның ұялы телефон нөмері өшірілетінін айтып, қорқытады. Құқыққорғаушы Ильяс Жұмағұловтың айтуынша, мұндай жағдайда алаяқпен байланысты үзіп дереу полицияға хабарласу қажет. Биыл Маңғыстауда мыңнан астам адам құзырлы мекемеге жүгінген.
Ильяс Жұмағұлов, ПД бастығының орынбасары:
- Полиция қызметкері немесе басқа да белгісіз болса да мемлекеттік органдар ешқашанда сіздерден код сұрамайды. Полиция қызметкерлері ешқашан бейнеқоңырау шалып, сізге белгілі бір жердегі банкке бар немесе ақша бер деп сұрамайды. Міндетті түрде заң аясында қылмыстық іс жүргізу Кодексіне сәйкес ол полиция органына шақырылады. Тиісті повестка беріледі. Азаматтардың жауабы алынады, егер де ол қылмыстық іске немесе басқа жайтқа қатысы болса.
Соңғы жылдары елімізде киберқылмыс өршіп тұр. Статистикалық деректерге сүйенсек, интернет-алаяқтар халықтың бірнеше млрд теңгесін жымқырған. Мемлекет басшысы қазақстандықтарға арнаған Жолдауында осы мәселеге тоқталып, құқыққорғау органдарына ұсақ құқықбұзушылықтан бастап, аса ауыр қылмыстарға дейін пәрменді күрес жүргізуді тапсырды.
Заң ғылымдарының кандидаты Серікқали Әлібековтің пікірінше, жоғары оқу орындарының алдында киберқауіпсіздік саласында мамандарды дайындау міндеті тұр.
Серікқали Әлібеков, заң ғылымдарының кандидаты:
- Бұл өз кезегінде белгілі бір техникалық қамтамасыз етуді, техникалық базаны талап ететіндігі белгілі. Осыған байланысты университет әкімшілігінің шешімі арқылы үлкен криминалистикалық лабораторияны құру қолға алынды. Сонымен қатар мына ашылып жатқан технопарк те, сондағы құралдарды пайдалану арқылы мынау компютерлік қылмыстарды ашуға, сапалы тергеуге, олардың профилактикасын жүзеге асыруға байланысты мамандарды дайындау жүзеге асырылып жатыр.
Ақтауда 60 студент «ІТ-құқық» мамандығын меңгеруде. Болашақ мамандар азаматтық, әкімшілік және қылмыстық заңдарды оқып, құқыққорғау органында тәжірибеден өтеді.
Шапағат Сұлтанбеков – биыл оқу бітіретін жастың бірі. Айтуынша, Маңғыстауда киберқылмыстармен айналысатын тергеушілердің жаңа толқыны дайындалып жатыр.
Шапағат Сұлтанбеков, студент:
- Әртүрлі бағдарламаларда кодтау, чиптеу және белгілі бір адамдардың жеке мәліметтерін табу арқылы біз оның кім екенін анықтай аламыз. Соған байланысты арнайы бізді прокуратурада, антикорға практика жүзінде жіберіп отыр. Төрт жылдың ішінде өз білімімізді жинақтап, қоғамдық мәселелерді шешу үшін алға қойған мақсатымызды жүзеге асырамыз.
Биыл Ақтауда жоғары оқу орны базасында криминалистік зертхана ашу жоспарланып отыр. Дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ жыл соңына дейін технопарк қолданысқа берілуі тиіс. Нысан студенттер мен жас мамандардың стартап жобаларды жүзеге асыруы үшін қажетті құралдармен жабдықталады.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, 24.KZ, Ақтау