Жетісу облысы. Жол азабын тартқан 7 ауыл
Жетісу облысының Қапал аймағындағы жеті ауылдың тұрғындары жол азабын тартып отыр.
Себебі «Талдықорған-Өскемен» автомагистралінен Арасанға дейінгі 77 шақырымның тоз-тозы шыққан. Облыстық маңыздағы тас жолдың біраз бөлігіне орташа жөндеу жасалып, асфальт төселген екен. Бірақ оның өзі ойылып кеткен.
«Талдықорған-Өскемен» автомагистралінен Көшкентал ауылына дейін 26 шақырым. Аталған аралықтағы жол құрылысы өткен жылы басталған. Сол кезде ескі асфальттың біраз бөлігі қырып алынғанымен орнына жаңасы төселмеді. Жүргізушілер қиыршық тас төгілген жолмен жүруге мәжбүр.
Қуат Гіміңбек, жүргізуші:
- Ана жақтың бәрі былтырдан бері, екі жыл болды ма, әлі жасалған жоқ. Тесік-тесік, келген қонақтардың дөңгелектері жарылып сондай әңгімелер болады.
Ал Көшкенталдан Қапалға дейінгі 20 шақырым 2019 бен 2021 жылдар аралығында жөнделді. Алайда оның өзі бүлініп, кей жерлері ойылып жатыр.
Қуат Туматаев, жүргізуші:
- Тас таситын Камаздар бар. Солар ойып, құртып кетеді жолды. Ойып-ойып кетеді. Амал жоқ жүреміз. Қиын ходовкадан ходовка қалмайды.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағылар Қапал мен Көшкентал арасы мердігер есебінен қалпына келтіріле бастады деп отыр. Ал, Көшкенталдан «Талдықорған-Өскемен» автомагистраліне дейінгі жол құрылысы екі жылға жоспарланған.
Айдос Досжанов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
- Биылға аталған автомобиль жолдарын жөндеуге 500 млн теңге бөлінді. Негізгі жобаның жалпы құны 1 млрд 300 млн теңге. Биылға 500 млн теңгеге барлық су өткізу құбырлары мен 8 шақырымға асфальт жамылғысын төсеу көзделіп отыр. Келесі жылы қалған қаражат толығымен бөлінген жағдайда, қалған 18 шақырым жеріне асфальт төсеп, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Қапалдан Арасан ауылына дейінгі аралықты жасау үшін басқармадағылар жоба әзірлеп жатыр. Құжаттама жұмыстары келесі жылы бітсе бюджетке өтінім бермек. Ал жаңадан төселген асфальтты гранит өндірушілер қайта бүлдірмес үшін жолға арнайы таразы орнатылды. Саладағылар құрылғыны осы күзде іске қосуды жоспарлап отыр.
Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов, 24.KZ, Жетісу облысы