Бүгін – Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген күн

Бүгін – Қазақстан халқы тілдері мерекесі. Бұл күн - ұлт ұстазы, көрнекті ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.

Дәл осы датада елімізде тіл мерекесі қатар тойланады. Бұл – бекер емес. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің негізін салушы. Төл әліпбиіміздің атасы. Қазақ публицистикасы мен ғылымын қасаң сипаттан арылтып, халық тіліне жақындату үшін де аянбай еңбек етті. Бір өзі тұтас терминология саласын дамытты. Сол кездері Алты алаштың мінберіне айналған "Қазақ" газетінің бастауында да осы Ахмет Байтұрсынұлы тұр.

Ұлт ұстазының 20-ға жуық кітабы бары айтылып жүр. Алғашқысы "Қырық мысал" деген атаумен 1909 жылы жарық көрген. Ақтық демі қалғанша елдік мұрат жолында тер төккен ерен тұлға Алашорда үкіметінің белді мүшесі болған. Пушкин, Лермонтов сынды орыс ақын-жазушыларының бірқатар өлеңін қазақша сөйлеткен де Ахаң болатын. Сондықтан сан қырлы ілімді меңгерген мемлекет қайраткерінің өмірін зерттеу, қызметін тану бүгінде дара ғылым саласына айналды.