Қарағандылық оқушы бомба туралы жалған ақпарат таратқан
Қарағандылық оқушы сабаққа бармау үшін бомба туралы жалған ақпарат таратқан, деп хабарлайды 24KZ.
Полиция Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейінде болған осы дерекке қатысты қылмыстық іс қозғады. Оқиға екі рет қайталанған. 2 және 3 қыркүйекте белгісіз адам төтенше жағдайлар қызметінің кезекші бөліміне хабарласып, оқу орнындағы «жарылғыш зат» туралы айтқан. Тексеру кезінде ол расталмады.
Бақытжан Құдияров, облыстық ПД баспасөз хатшысы:
- Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Қарағанды облысы Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мектеп-лицейдің кәмелетке толмаған оқушысының «жалған терроризмге» қатысы бар екенін анықтады. Ұсталған баланың айтуынша, ол сабаққа қатысқысы келмей, осындай қадамға барған. Оның ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тергеу жалғасып жатыр.