Биыл терроризм туралы жалған ақпарат берген 13 адам сотталды
Жыл басынан бері елімізде терроризмге қатысты жалған ақпарат берген 13 адам сотталды. Оның екеуі – жасөспірім, деп хабарлайды 24KZ.
Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша биыл барлығы 168 қылмыстық іс қозғалған. Соңғы кездері білім беру мекемелеріне жарылғыш зат орнатылғаны туралы жалған хабарламалар жиілеп кетті. Тәртіп сақшылары мұндай қылмыстық әрекетке барғандар заң аясында қатаң жазаланатынын ескертіп отыр.
Шыңғыс Әлекешев, ҚР ІІМ ресми өкілі:
- Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін 5 000 АЕК дейінгі айыппұлдан бастап, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бұл қылмыс үшін 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Егер кәмелетке толмағанның жасы 14 жастан аспаса, онда бұл жағдайда оның ата-анасы тәрбиелеу бойынша міндеттемелерін атқармағаны үшін жауапкершілікке тартылады.