Жазасын өтеушілер кәсіптік қайта даярлаудан өтеді
Астана көшелеріндегі жылы аялдамаларды жазасын өтеушілер жасап шығарады, деп хабарлайды 24KZ.
Елорда іргесіндегі №3 түзету мекемесінің өндірістік аймағында жаз бойы 50 шағын модульді кешен құрастырылған. Жылыту жүйесімен қатар салқындатқышы бар аялдамалардың сапасына көңілі толған жергілікті билік тағы 16-сына тапсырыс беріп отыр.
Қыс түспей жылы аялдамаларды жинап беруі тиіс жұмысшылар бас көтерместен дәнекерлеу ісіне ден қойған. Өндірістік аймақта сондай-ақ брусчатка, темірбетон бұйымдарын құятын және жиһаз жинау цехы бар. Ал әйелдер жағы тігін және қағаз майлықтар шығару желісіне тартылады. Барлығына бірдей 85 мың теңге жалақы белгіленген. Сондай-ақ жұмыс беруші тарапынан ынталандыру сыйақысын беру жағы да қарастырылған. Арзан жұмыс күшіне қызыққан кәсіпкерлер алдағы уақытта өндіріс санын арттыруды жоспарлап отыр.
Әділет Айбеков, кәсіпкер:
- Біз ғимаратты жалдаймыз. Мекеме бізге адамдарды береді. Біз «Аршалы» мемлекеттік кәсіпорнымен біріккен ұйым құрғанбыз. Алда мақсат көп. Құм блоктарын шығару өндірісін бастап жатырмыз. Әрі қарай жоспар көп. Қазіргі мәселе, цехты жайлы қылып, жақсарту керек болып тұр. Қыстыгүні жұмыс істеу қиындау болып отыр.
Қылмыстық атқару жүйесіне қарасты №3 мекемеде жазасын өтеп жатқан 300-ден астам адамның 297-сі еңбекке жұмылдырылған. Тәртібі жеңілдетілген колония болғандықтан, сотталғандардың арасында тіпті қалаға барып жұмыс істейтіндер бар.
Нұрлан Әлтайыров, №3 түзету мекемесінің бөлім инспекторы:
- Түзету мекемесінде негізінде 3 пен 5 жыл арасында бас бостандығы шектелген азаматтар жазасын өтейді. Олардың дені – жол-көлік оқиғасына кінәлілер мен заңсыз қаржылық ұйым құрғандар. Аракідік коррупциялық қылмыс жасап, 8 жылға сотталғандар да бар. Барлығының жұмысқа тұруға деген белсенділігі жоғары. Өйткені тұрақты табыс арқылы жазасын өтеушілер мемлекет алдындағы берешегін өтеп, салық және алиментінен құтылады.
Жазасын өтеушілер өндірістік аймаққа жіберілмес бұрын 10 ай кәсіптік білім алып шығады. Қазіргі таңда газэлектр дәнекерлеу, жиһаз құрастыру және ағаш ұсталығы бойынша 59 жазасын өтеуші қайта даярлау курсына жазылған. Кәсіби бағдарлы диплом бостандыққа шыққан кезде де жарамды болады.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ғалымжан Абдылахат.