Түлкібастағы алма бағына су үнемдеу технологиясы енгізілді

Түркістан облысының Түлкібас ауданында алма бағына су үнемдеу технологиясы енгізілді, деп хабарлайды 24KZ.

Мамандардың айтуынша, бұл қарқынды баудың көлемін ұлғайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Ауданда 3 мың гектардан астам алма бағы бар. Оның 700 гектардан астамы –  қарқынды бау.

Түлкібасқа алма көшеттерін Италия, Түркия және Польшадан әкелген. Гала, голден, пиромин және камспор сорттары әбден жерсініп, жақсы өнім беріп жатыр. Осыдан 15 жыл бұрын құрылған мына серіктестік қарқынды бау көлемін 210 гектарға жеткізген. Биыл тамшылатып суғару әдісімен тағы 30 гектарға көшет еккен. Кәсіпкер су үнемдеу технологиясының көмегімен биыл 6 мың тонна өнім алуды жоспарлап отыр.

Қайрат Садықов, серіктестік директоры:

- Болашақта бауымызды үлкейтіп, еге береміз. Тағы 50 гектарға көбейтейік деп жатырмыз. Бізде 5 ауылдың тұрғындары жұмыс істейді. Терім кезінде жұмысшыларымыз 300-350 адамға дейін барады. Бүгінгі күні бізден Өзбекстан алады. Қырғызстан алады. Шымкентке, Қазақстанның барлық жеріне жібереміз. Ресейдегі Новосібір, Авакан, Красноярск, Мәскеу, Санк-Петербургке барады.

Серіктестіктің 2200 тонна өнім сыятын қоймасы бар. Кәсіпкер қосымша тағы да 2 мың тонна алма сақтайтын қойма салуды жоспарлап отыр. Осылайша, қыс мезгілінде 4 мың тоннадан аса экологиялық таза алмасын саудаға шығармақ. Жалпы Түркістан облысында 15 мың гектардан аса алма бауы бар. Оның 5400 гектары – қарқынды алма бауы. Олардың барлығына су үнемдеу технологиясы енігізілген. Мамандардың айтуынша, дәстүрлі баудан гектарына 60-70 центнерден өнім алынса, қарқынды баудан 300-350 центнерге дейін өнім жиналады.

Ақтөре Түймебек, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Биылғы жылы 132 мың тонна өнім алу жоспарланса, бүгінгі таңда 95,9 мың тонна алма өнімі жиналды. Оның 26 мың тоннасы экспортқа шығарылды. Негізі Ресей, Тәжікстан мемлекеттеріне. Бізде облыста 36 900 тоннаны құрайтын 14 бірлік сақтау қоймалары бар. Бүгінгі күн оларда 11 400 тонна алма сақтаулы тұр.

Қарқынды баулардың негізгі бөлігі Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт, Сайрам аудандарында орналасқан. Мұндағы алма баулары еліміздегі жеміс-жидек ағаштарының 43%-ін құрайды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов.