Металлургтер: Еңбек адамы мәртебесін көтеру маңызды
Шығыс Қазақстан облысында 864 кәсіпорында кадр тапшы, деп хабарлайды 24KZ.
Зауыттар мен фабрикаларға 7 мыңнан астам жұмысшы жетіспейді. Бұл мәселе елдің барлық өңіріне тән. Осы орайда Президент келер 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. «Бұл – қарапайым еңбек адамдарына, жалпы салаға деген үлкен қолдау», – дейді цинктеу зауытының жұмысшысы Сергей Панасюк. Ол – кәсіпорында жас та болса, бас болып жүрген білікті мамандардың бірі. Жаңадан келгендерді үйретіп, өзі сияқты талапты жастарды маңына топтастырып жүр. Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін алдымен жұмысшыларға әлеуметтік қолдауды күшейтіп, еңбек жағдайын жақсарту маңызды деп біледі.
Сергей Панасюк, Өскемен цинктеу зауыты күйдіру цехының жұмысшысы:
- Өндіріспен бірге ел өркендейді. Сондықтан жұмысшы мамандарға қашанда сұраныс жоғары. Ел экономикасына үлес қосушы қай саланы алып қараңыз солай. Түбінде еңбек қана барлығын жеңеді. Ал сол еңбекті жасаушы қарапайым жұмысшыларға әрбір көрсетілген қолдау жігер береді.