Мобилографтар байқауы жалғасып жатыр
Президенттің баспасөз қызметі мен KYRAN FILMS компаниясы жариялаған байқау әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Айта кетейік, бұған дейін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына байланысты үздік бейнероликке байқау жариялаған болатын. Жеңімпаз Мемлекет басшысының біркүндік мобилографы ретінде жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар көптеген бағалы сыйлықтары да бар.
Төрткүл дүниенің назарындағы V Көшпенділер ойынының басталуына санаулы күн қалды. Ал бұл дүбірлі додадаға 90-ға жуық елден 2000-нан астам спортшы қатысады. Тамыры тереңге бойлаған ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында Президенттің баспасөз қызметі мен KYRAN FILMS компаниясы жариялаған байқауға ниет білдіргендер көп. Байқау талабы бойынша #nomadgamesfest хештегімен бүгінге дейін 500-ден астам бейнеролик жарияланды. Айта кетейік, бұл жоба әлемде алғашқы рет өткізіліп отыр.
Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы:
- Бабадан қалған мол мұраны, бүгінге жеткен асыл қазынаны көзіміздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас ету – бүгінгі ұрпақтың борышы. Осы орайда Президенттің баспасөз қызметі мен KYRAN FILMS компаниясы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы үздік бейнеролик байқауын ұйымдастыруды көздеп отыр. Мақсат – тамыры тереңнен тартатын спорттық ойындарды халық арасында кеңінен насихаттау, Көшпенділер ойындарының мәні мен маңызын арттыру, дүбірлі доданың жоғары деңгейде өтуіне атсалысу.
Егер жеңімпаз атансаңыз, яғни гран-при жүлдесін иеленсеңіз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қасында мобилограф ретінде бір күн қызмет істей аласыз. Сондай-ақ Президенттің қолтаңбасы қойылған iPhone 15 Pro Max пен 1 миллион теңге жүлденің иегері боласыз.
ІІ орынға тағы да 1 млн теңге. ІІІ орынға iPhone 15 Pro Max, IV орынға 500 000 теңге, 5-15-ші орындарға мобилографқа керекті жабдықтар. 16-20 орындарға мобилография курсы сыйлыққа және бонустық 50 орын сіздің әлеуметтік желіде жинаған әрбір 100 000 қаралымыңыз үшін 50 мың теңге сыйлыққа. Жалпы 150 контентмейкерге сыйлық бар.
Президент Әкімшілігі елдегі жас мобилографтарға ерекше мүмкіндік беріп отыр. Байқауға тігілген жүлде қоры да қомақты. Бастысы, қатысып көріңіз, бағыңызды сынаңыз.
Қыран Талапбек, мобилограф:
- Алғашқы видеоларды біз көре бастадық. Олардың басы 100, тіпті 400 мың қаралымға дейін жететіні бар. Бірақ ол әлеуметтік желілердің алгоритмінен 4 күннен кейін одан да көп қаралым жинайды.
Көпшіліктің сұрауымен мобилограф жұмысын қабылдау 1-нен 7 қыркүйекке дейін созылды. Жеңімпаздар 16 қыркүйекке дейін анықталады. Ол үшін Көшпенділер ойынына арналған ең креативті промо-ролик түсіріп, WhatsApp, Telegram-ға #nomadgamesfest хештегімен жарияласаңыз болғаны.
Авторы: Айнұр Қуатқызы.