Астанада көлікті өлшеудің автоматтандырылған жүйесі іске қосылды
Астанада жолдардың бұзылуын болдырмауға арналған автокөлікті өлшеудің автоматтандырылған жүйесі ресми түрде іске қосылды.
Бұл жөнінде Көлік министрлігі мәлімдеді. Жаңа жүйе жүк көліктерінің салмағын бақылауға, өзге де автомобильдердің кедергісіз жүруі үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Егер көліктің шамадан тыс салмағы анықталған кезде жүйе автоматты түрде фотофиксация жасайды, содан кейін мәлімет көлік дерекқорының ақпараттық-сараптамалық жүйесіне беріледі. Жаңа жүйелер қалаға негізгі кіреберіс жолдарда орнатылған. Егер бұзушылықтар анықталса, онда бірден айыппұл салынады. Оның мөлшері 147 мың теңгеден бастап, 3,5 млн теңгеге дейін жетеді. Енді Көлік министрлігі жыл соңына дейін бұл жүйені еліміздің басқа өңірлерінде де енгізуді жоспарлап отыр.
Алтай Әлі, ҚР Көлік министрлігі автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы:
- Сараптамаға сәйкес ауыр жүк көліктері тасымалдау барысында қолданыстағы нормадан 1,5-2 есе артық жүк тасымалдайды. Демек нормаға сәйкес 25 тонна жүк тасымалдауға рұқсат болса, 35-40 тонна жүк тиілген фактілер тіркеліп отыр. 2023 жылдың басынан Көлік министрлігі Астана әкімшілігімен бірлесе арнайы автоматтандырылған өлшеу жүйелерін орнату бойынша жұмыс бастап кетті. Олар қалаға кіреберіс жолдарда 7 жерден орнатылған. Елорда маңындағы 29 карьерден жүк тасымалдайтын 6300 ауыр жүк самосвал көлігі тіркеліп отыр. Бұл реттегі біздің басты мақсатымыз — бар жолдарды мезгілсіз бұзылуына жол бермеу.