Жыл басынан бері 13 мың адам интернеттегі алаяқтардың құрығына түскен

Интернет-алаяқтар айланың түрлі амалдарын тауып, күннен-күнге әккілене түсті.

Қазір кез келген адамға қоңырау шалып, өздерін мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстыру жиілеген. Биыл жыл басынан бері тек осы ғаламтор алаяқтарына 13 мыңнан астам отандасымыз алданып қалған.

Виртуалды әлемді игі мақсатқа емес, арам пиғылда қолданатындар шетелде жүріп те хабарласады. Сондықтан олардың санын ешкім дөп басып айта алмайды. Әккілер әлеуметтік желіде алдаудың тың тәсіліне көшкен. Енді WhatsApp желісіндегі сіздің дауысыңызбен жазылған аудиохабарламаны қолданып, жақындарыңызды тақырға отырғызуы мүмкін. Олар «көлік апаты болды, ауырып қалдым, қаржыдан қатты қысылып тұрмын», – деп түрлі сылтау айтып, құрығына түсіреді. Бас прокуратураның мәліметінше, былтыр 21 мыңнан астам адам алаяқтардың құрбаны болған.

Әсем Рахметова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұл жерде танымал адамдар бола ма немесе БАҚ немесе әлеуметтік желінің барлық әлеуетін пайдалануымыз керек сияқты. Одан кейін шетелдік басқа елдермен әріптестіктің әлеуетін пайдалануымыз керек. Себебі біздің полицейлер бүгінде «қылмыскерлер шетелде отыр», – деп қарап, әрекетсіз отырған сияқты. Мемлекет тарапынан құрылған сенім телефоны ма, платформа ма, сондай хабарласып тексеретін жүйе жоқ. Ол мәселе халыққа жеткізілмеген. Осыған көңіл өлу керек деп ойлаймыз.

Мұндай шабуылға 24KZ арнасының жүргізушілері де жиі тап болып жатады. Айлакерлер осылай халық сеніміне кіріп, кейін жымысқы әрекетіне басады.

«5-10 жылдан кейін шындықты жалғаннан ажырата алмай қаламыз». Американың атақты ІТ маманы Джек Дорсидың әлеуметтік желіге тараған бұл сөзі қалың қарашаны ойландырып қойды. Саланың майын ішіп, жілігін шаққан маман: «Тіпті қазірдің өзінде симуляцияда өмір сүріп жатырмыз», – дейді. Яғни, қазір жасанды интеллектінің дәурені басталды. Ал бұны да әккілер ұтымды пайдаланып отыр.

Джек Дорси, программист, кәсіпкер:

- Жасанды интеллект жылдам дамып келеді және оны кез келген адам қолдана алады. Мұның жанама әсері көп. Интернет дипфейктерге толды. Жалған контентті шынайы жұмыстан ажырату күннен-күнге қиындап барады. Енді еш нәрсеге сенуге болмайды. Ақиқатты ажыратуды қазірден меңгерген жөн. Алдағы уақытта дипфейкті анықтау мүмкін болмай қалады.

Интернет алаяқтарын 3 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтеді. Алайда жымысқы әрекеттерді анықтау оңай болмай тұр. Себебі киберқылмыс шекара таңдамайды. Қылмыскердің ізін тауып, тиісті жазаға тарту ісін қиындататын басты мәселе де – осы. Олар кез келген елдің аумағында отырып-ақ, интернет арқылы ойын іске асыра алады. Қауіпті күшейтетін тағы бір фактор, интернет алаяқтарының барлығы ІТ саласының қыр-сырын қанық біледі. Заманауи технологияның тілін терең меңгерген.

Қаныш Ашжанов, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:

- Ішкі істер министрлігімен әр тоқсан сайын жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіліп келеді. Көп таралған түрі – ол WhatsApp немесе Telegram месенджерлеріне сілтеме жіберу – фишинг. Әртүрлі сілтемелерге кіре беруге болмайтынын айтамыз, бұл антигигиена дейміз ғой. Тек қана тексерілген сілтемелерге өту. Өйткені алаяқтар арақашықтықта жіберілген сілтемелер арқылы сіздің дербес компьютеріңізге қол жеткізуі мүмкін немесе ұялы телефоныңызға сіздің атыңыздан ақша аудармаларын өткізуі мүмкін.

Айлакерлер технология дамыған сайын көштен қалмай күн санап үйреніп, алдаудың жаңа тәсілдерін іздеуді жалғастырып жатыр. Десе де мамандар жеке нөмір мен банк деректерін өзге адамға беруден аулақ болуға кеңес береді.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Серік Қоңырбаев.