Республикалық референдум туралы жаңа заң таныстырылды

Бүгін Орталық сайлау комиссиясында республикалық референдум туралы жаңа заң таныстырылды, деп хабарлайды 24KZ.

Нұрлан Әбдіровтың төрағалығымен өткен Сарапшылық кеңес отырысында құжаттағы өзгерістер мен толықтыруларды Әділет вице-министрі Ботагөз Жақсылықова таныстырды. Бұдан былай бюллетеньдер тек қазақ және орыс тілдерінде болады. Бұрын «мемлекеттік, ресми және жинақы шоғырланған халықтардың тілінде» деген норма болған. Алайда алдыңғы референдумдар бұл талаптың өзектілігін жойғанын көрсетті. 2022 жылғы референдумды да өткізу тәжірибесі ескеріліп, отандық және халықаралық бақылаушылардың ұсыныстары қаперге алынды. «Осылайша, жаңартылған құжат «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңмен толық үндестік тапқан», – дейді Сарапшылық кеңес мүшелері.

Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Сайлау туралы заңда көптеген өзгерістер болды. Сондықтан кейбір нормалар сайлау заңымен сәйкестендірілді. Оның ішінде ең маңыздысы учаскелерде байқаушылардың, кейбір үкіметтік емес ұйымдардың тәртібі мен құқықтары нақтыланды. Кейбір ескірген нормалар алынып тасталды. Үлкен өзгерістер болған жоқ, бірақ тәртіптер екі заңға да сәйкестендірілді.