Екібастұз қаласының жылу жүйесін жаңғыртуға ₸2,7 млрд бөлінді

Екібастұз қаласының жылу жүйесін жаңғыртуға биыл Үкімет резервінен 2,7 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға Екібастұз жылу орталығындағы 15-ші қазандық күрделі жөндеуден өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Қала әкімінің орынбасары Ержан Салхановтың айтуынша, жұмыс қарқыны кестеге сай жүріп жатыр. Ал көктемде жүргізілген гидравликалық сынақ кезінде жылу желілерінен анықталған 200-ге тарта ақау жойылды. Жаз мезгілінде құбырларды қалпына келтіру ісі қатар атқарылған болатын. Бүгінгі таңда қаладағы 700-ге тарта көпқабатты үйдің 540-ы жылу маусымына толық дайын. Келесі аптада жүйені толтыру басталады. Тұрғын үй қатынастары заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес кеншілер шаһарында басқарудан шет қалған көпқабатты үйлер де анықталды.

Ержан Салханов, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары:

- Жаңа заңнамаға сәйкес тұрғын үй инспекциясы басқаруға өтпей қалған иесіз үйлерді анықтап, оларды үй шаруашылығын басқару компаниясына тапсырды. Жалпы алғанда жылыту маусымына дайындық кешенді түрде жүріп жатыр. Бұл шаралар энергия көздерінен бастап, жылу желілері мен көпқабатты үйлердің ішіндегі жылу жүйелеріне дейін қамтып отыр.