Шымкентте 18 «‎Жайлы мектеп» салынады

Жаңа оқу жылының басында Шымкенттегі 13 мектепті үш ауысымдық оқу жүйесіне көшіру мәселесі туындады.

Себебі білім ордаларында бала саны шамадан тыс көп.

Осыған байланысты мектеп директорлары екі ауысымдық кестені сақтау үшін қосымша ғимарат жалдап, жоғарғы сынып оқушыларын көшірмек болған. Алайда бұл шешімге ата-аналар қарсы.

Қаладағы №29 мектептің 6-7-сынып оқушыларын жалға алынған жаңа ғимаратқа көшіруге ата-аналар қарсылық білдірді. Білім басқармасының алдына жиналған олар коммерциялық нысанның жабдықталуына көңілі толмайтынын айтады. «Кабинеттер тар, орындықтар да стандартқа сай келмейді», - дейді.

Светлана Сахнова, қала тұрғыны:
- Мектеп директорымыз бұрынғы оқу кабинеттері орналасқан шеберхананың жарамсыз деп танылғанын айтады. Сондықтан оқушыларды басқа жерге ауыстырмақ болыпты. Бірақ біздің балаларымыз ол ғимаратқа бару үшін тағы 2 шақырым жүріп, тар кабинетте оқуға мәжбүр. Сонымен қатар дәліздегі әжетхана да балалардың жынысына қарай бөлінбеген. Біз осы мәселелерді айту үшін жиналдық.

Осыдан кейін мектеп директоры мен оның оқу ісі жөніндегі орынбасарына сөгіс жарияланды. «Себебі таңдалған ғимарат санитарлық талапқа сәйкес келмей шықты», - дейді білім басқармасындағылар. Сонымен қатар оқу ордасының оқушы сыйымдылығы тексеріліп, өзге шағынаудандарда тіркелген жүздеген бала анықталған. Сондықтан қосымша нысан жалдау туралы шешімнің күші жойылғанын айтады.

Майра Мамахова, №29 жалпы орта білім беру мектебінің директоры:
- Бізде бала саны өте көп еді. Ата-аналармен түсіндіру жұмысын жүргізіп, алыс жақта тұратын мекенжайына байланысты жүзден аса баланы біз ауыстырдық. Кестені реттеп, қазіргі таңда орын тапшылығы жоқ. Қазір балалар өз орындарында оқып жатыр.

Шымкентте бұдан өзге тағы 12 мектепте бала саны шамадан көп. Бірақ басқарма өкілдерінің айтуынша, биыл бұл мәселе түбегейлі шешімін табады. Ол үшін екі бірдей қосымша нысан салынып, ұлттық жоба аясында 11 «Жайлы мектеп» пайдалануға берілмек.

Әшірбек Әдиев, қалалық Білім басқармасының бөлім басшысы:
- Қазіргі таңда үш ауысымға өтіп кетуі мүмкін деген қалада 13 мектеп бар. Ол проблемалар биылғы жылы шешіліп жатыр. Неге? Себебі біздің қаламызда 12 «Жайлы мектеп» ашылып жатыр. Осы 13 мектептің проблемасын шешу жолға қойылған.

Елімізде 2025 жылдың соңына дейін 217 «Жайлы мектеп» қолданысқа беріледі. Мемлекет басшысының халыққа жолдауында бұл заманауи оқу ордаларының құрылысын Үкімет пен әкімдер де бақылауға алып, депутаттарды да белсенді араласуға шықырды.

Шымкентте барлығы 18 «Жайлы мектептің» құрылысы жоспарланған. Олардың көбі шалғай шағынаудандарда салынып, оқушылардың орталыққа қатынамай-ақ сапалы білім алуына жағдай жасамақ.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы