Көкшетауда Қылшақты өзені тазаланып жатыр

Көктемде Көкшетаудағы 100 үйді шайып кеткен Қылшақты өзені тазаланып жатыр.

Қаланың ортасымен ағып өтетін өзеннің жағалауын қамыс басып, суы батпаққа айнала бастаған. Содан ағысы бәсеңдеп, еріген қар көктем сайын арнасынан асып кететін болды. 

Өзенді тазалауға 400 миллион теңге бөлінді. Бұған жергілікті кәсіпкерлер демеуқаржы бөліпті.      

Қылшақты өзеніндегі бұл жұмыстар 11 тамызда басталған еді. Міне, сол уақыттан бері өзеннің бір жарым шақырымы тазаланған. Қазір өздеріңіз көріп тұрғандай осындай техникалардың көмегімен өзен түбіндегі тасқыннан кейінгі және жылдар бойы жиналған қоқыс сыртқа шығарылып жатыр.

Көктемде қарғын судан зардап шеккендердің бірі - Арман Елшібеков. Баспанасы Қылшақты өзенінің жағасында орналасқандықтан бірден су кірген. Енді ол қауіптің беті қайтады деген үмітте.

Арман Елшібеков, қала тұрғыны:
-
Қылшақты өзені ешқашан тазаланған емес. Соңғы кезде қамыс қаптап кетті. Жағалауға жетудің өзі мұң. Енді көктемде үйімізге су кірмейді деп ойлаймын.

Жоба бойынша өзеннің төрт шақырымы тазартылады. Сонымен қатар түбі екі метрге дейін тереңдетіледі.

Нұржан Дүйсенов, мердігер:
-
Қазір жұмыстар кестеге сай атқарылып жатыр. Әрине, мерзімі бар. Қараша айының ортасында аяқтауымыз керек. Сонымен қатар жағалауын абаттандырамыз. 

Мұндай тазалау жұмыстары Ақмола облысындағы өзге елді мекендерде де қолға алынды. Осылайша әр жылдары көктемде су тасып, тұрғындарды әбігерге салатын мәселе түбегейлі шешілмек.

Джанет Микишев, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Қ
азір бизнестің әлеуметтік жауапкерлігі шеңберінде аймақтағы көптеген ірі кәсіпорынмен арнайы келісімшарт жасалды. Қылшақтыдан бөлек, Талапкер ауылының маңындағы Есіл өзені де тазаланып жатыр. Қоянды ауылында ұзындығы 8 шақырым болатын су өткізу каналы салынып жатыр. 

Одан қалды Атбасардағы Жабай өзені де тазартылып жатыр. Арнайы техника арқылы оның түбі 10 метрге дейін тереңдетіледі.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко