Жетісуда омарташылар әулеті тұрады

Жетісу облысында алты атасынан бері омарташылықты кәсіп еткен әулет бар.

Олар ара бағып, бал шайқап қана қоймай, оны өндірістік деңгейге жеткізген.

Мың түрлі шөптен сүзілген табиғи өнімнен сабын, бальзам шығаруды да меңгеріп жатыр.

Радмир Абузяров омарташылардың жетінші ұрпағын тәрбиелеп жатыр. Балаларына арнап қорғаныш киімін тіктірген ол ала жаздай атакәсіптің әліппесін үйретті. Қазір бала омарташылар әкесіне қолғабыс етуге жарап қалды.

Гакиф Абузяров, бала омарташы:
- Маған әкеммен омартаға барған, араларды қараған ұнайды. Әкем екеуіміз бал шайқадық. Өскенде мен де омарташы болам.

Әулет - өмірдің мәнін омарташылықтан тапқан. Аралардың еңбекқорлығын, тазалығын өздеріне үлгі етеді. «Табиғаттың бергенін пайдаланып, оған зиянын тигізбеу» дейтін өмірлік ұстанымы да осы сала негізінде қалыптасқан.

Радмир Абузяров, омарташы:
- Омарташылық деген өнер ғой. Бала кезден үйренген өнеріміз осы. Бәрі табиғи таза. Шығарған өніміңнің бәрі таза. Бәрі де пайдалы.   

Радмирдің әпкесі Флюра Искандирова да омарташылықпен айналысады. Ол Лепсідегі өз үйінің ауласында 30 шақты ара ұясын ұстап отыр. Жиналған балдан емдік өнім дайындап, балауызды да кәдеге жаратады.

Флюра Искандирова, омарташы:
- Бал болған жерде пайда бар ғой. Балауыздан мынандай шам жасаймыз. Жастар осыны жаратып, сыйлыққа алады. Өте жақсы және пайдалы.

Абузияровтар алты ағайынды. Соның төртеуі ата кәсіпті ұршықша иіріп, әке жолын жалғастырып келеді.

Райхан Абузярова, анасы:
- Радик омартада, Фархат омартада. Назифтің де омартасы бар. Бәрі де бірдеңе жасайды. Құдайға шүкір, жұмыстары әйбат.

2016 жылы омарташылардың ұсынысымен, ел азаматтарының қолдауымен Лепсіде бал зауыты ашылған болатын. Қазір кәсіпорынға тұтас аймақтағы ара өсірушілердің өнімі әкелінеді. Сынама алынып, сапасы анықталған соң құтыға құйылып, тауар нарыққа шығарылады.  

Фарида Абузярова, бал зауытының есепшісі:
- Экспортқа Жапония алады. Қытайлар келіп сатып алады, Ресейге апарамыз және Дубайға.

Омарташылар отбасы еңбек ететін зауытта балдан сабын жасалады. Енді олар бальзам шығаруды да қолға алды. Ұрпақ сабақтастығын үзбеген әулет өндірісті әртараптандыру арқылы нарықтағы отандық өнімді көбейтуге атсалысып жатыр.  

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев