Елімізде атом энергетика саласында білім бағдарламалары әзірленді

Елімізде «ядролық физика», «Атом электр станциялары және атомдық қондырғылар» секілді арнайы білім бағдарламалары әзірленді, деп хабарлайды 24kz.

Қазір олар реестрға енгізіліп отыр. Бұл туралы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары айтты.

«Егер Атом электр станциясы салынып, тиісті ведомстволар маман даярлығына сұрау салса, онда грант санын көбейтуге әзірміз», - дейді Жанна Есенбаева. Жалпы Ғылым және жоғары білім министрлігі, инженерия саласындағы атомдық физика, тау-кен ісі сынды мамандықтарға жыл сайын 5 мыңнан астам грант бөліп отырады. Яғни қазір барлық грант санының 60%-і осы салаға тиесілі. Ал қалған 40%-і мұғалім, дәрігер секілді өзге де мамандықтарға бағытталады.

Жанна Есенбаева, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары:

- АЭС салынатын болса, ол жерде тек атом саласы мамандары емес, гидротехнологтар, су саласының мамандары да қажет болады. Ол жерде бізге энергетика, жылу энергетикасы мамандары да қажет болады. Су министрлігі бізге тиісті сұрау салса, Көлік министрлігі сұрау салса, әр министрлік сұранысына сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыратын боламыз.