Атырау облысында жыл соңына дейін бес мектеп пайдалануға беріледі
Жыл соңына дейін Атырау облысында 5 мектеп пайдалануға беріледі, деп хабарлайды 24kz.
Жаңа нысандарда 12400 оқушы білім алады. Облыста мектепке сұраныс жыл санап артуда. Қазір 10 білім ұйымы 3 ауысымда оқытады. Жергілікті билік алдағы 2 жылда қосымша 9 мектеп құрылысын бастауды жоспарлап отыр.
Еркінқала ауылдық округіндегі 600 орындық мектептің құрылысы наурыз айында басталған еді. Қазір негізгі жұмыстың 70%-і аяқталды. Құрылыс алаңында 60 адам жұмыс істеп жатыр.
Жанболат Тұрғантай, мердігер мекеменің өкілі:
- Сыртқы инженерлік жүйелер, ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Негізгі корпусы салынды, тас қалау жұмыстары бітіп тұр. Бұйырса, биылғы жылдың аяғына 16 желтоқсанға бітіреміз бе деген ойымыз бар.
Атырау қаласының іргесіндегі елді мекендерде осындай 3 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олар пайдалануға берілгенде 1800 оқушы орналаса алады. Дегенмен облыста 3 ауысыммен оқытатын 10 білім ошағы барын ескерсек, мектеп мәселесін толық шешуге уақыт керек.
Марат Әбуов, облыстық білім басқармасының басшысы:
- 3 ауысымды азайту мақсатында біз «Жайлы мектеп» жобасы аясында 5 мектепті жыл аяғына дейін тапсыруды жоспарладық. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен 2 мектеп құрылысының біріншісі «Ақжар-2» ауылында, екінші мектеп Жылыой ауданында 600 орындық мектепті тапсыратын боламыз.
Мектеп құрылысы алыс аудандарда да жүріп жатыр. Себебі ауылдық жерлерде жыл санап бала саны өсуде. Жалпы облыс мектептерінде 150 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Оның 16 мыңы бірінші сыныпқа қабылданғандар.
Талғат Бисен, облыстық Құрылыс басқармасы басшының орынбасары:
- Онан бөлек, Индер кентінде 300 орындық мектеп, 200 орындық интернатымен. 320 орындық мектеп ол Есбол ауылында құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ Көктоғай ауылында 120 орындық мектептің жапсаржай құрылысы жүріп жатыр.
Жергілікті биліктің жоспары бойынша 2024-2025 жылдары облыс бойынша 12400 оқушы мектеппен қамтылатын болады. Мектеп құрылысына өңірдегі мұнайшы компаниялар да тартылған. Олардың қолдауымен Талғайраң ауылында 900 орындық жаңа мектеп бой көтереді.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов