О.Бектенов Ақмола облысының жылу беру маусымына дайындығын тексерді
Степногорск қаласындағы жылу жүйелерін жөндеуге 3 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген, деп хабарлайды 24kz.
Бүгінде ұзындығы 11 шақырым учаскенің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.
«Жүргізіліп жатқан жұмыстар мұндағы Жылу электр орталығы жабдықтарының тозуын 61%, ал магистралды желілердің ескіруін 70%-ке азайтуға мүмкіндік береді», - дейді мамандар. Бүгін Үкімет басшысы Ақмола облысына барып, ондағы ахуалмен танысты. Сондай-ақ Олжас Бектенов Степногорск тау-кен химия комбинатына да барды. Бұл кәсіпорын өткен жылы 1650 тонна дайын уран өндірген. Қазір мекеме қайта өңдеу қуатын жылына 6 мың тонна уранға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы өз Жолдауында тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңғырту жобасын әзірлеуді тапсырды. Демек, бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. Тариф, табиғи монополия субъектілерінің және қарыз қаражаты есебінен 10 триллион теңгеге жуық ақша қажет. Алайда барлық жұмыс кешенді түрде жүргізілетін болады. Бұл іске жауапкершілікпен қарауымыз қажет.