Талдықорғанда есірткіге қарсы күрес күшейтілді

Жетісу облысының полицейлері есірткіге қарсы күресті күшейтті, деп хабарлайды 24kz.

Тәртіп сақшылары аймақта рейд өткізіп жатыр. Кинологтар иісшіл иттердің көмегімен Талдықорғандағы жатақханаларды түгелдей тексеріп шықты. Басқарма қызметкерлері жастармен кездесіп, есірткі саудасымен айналысқандарға қатаң жаза қолданылатынын айтты. Наркологтар химиялық қоспаның зиянын түсіндірді.

«Мұндай шараның маңызы зор, себебі оңай олжа табам деп опық жейтіндер көбейді», - дейді құқыққорғаушылар. Әсіресе, 18 бен 27 жас аралығындағы жастарды қылмысқа тартатындар бар.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыста есірткі таратқаны үшін 15 адам ұсталған. Олардың арасында колледж студенті де бар.

Меруерт Ысқақова, облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

- Маңызды тақырып болғандықтан профилактикалық іс шаралар кеңеюде. Біз тек қана студенттік жатақхана араламаймыз. Оқушылармен, балалармен лекция жүргізіледі. Халық арасында есірткіге қарсы иммунитетті көтеру мақсатында осындай жұмыстар жүргізілуде.