Қазақстанда соңғы бес жылда ажырасу дерегі 48,6% азайды

Кейінгі бес жылда еліміз бойынша ажырасу дерегі 48%-ке азайған.

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов баяндады. Қазір отау құрар алдында мамандардың кеңесіне жүгінетін жастар көбейіп келеді. Сол арқылы жас жұбайлар отбасылық жанжал мен әлеуметтік мәселелердің алдын алуға тырысуда.

Бекжан мен Мерей 3 ай бұрын ғана шаңырақ көтерді. Жастар неке қияр алдында мамандардың кеңесіне жүгінген. «Өйткені отбасы құрудың маңызы мен жауапкершілігін жете сезінгіміз келді», - дейді ерлі-зайыпты. Мамандар оларға денсаулықты сақтау, отбасылық мәселелерді оңтайлы шешу және қаржылық сауаттылық бағытында жан-жақты кеңес берген.

Бекжан Абдалин, қала тұрғыны:

- Ата-аналарымыз айтты, дайынсың ба дегендей. Көп сұрақтар болды. Өзіме осындай жауапкершілік болғаннан кейін мен іздендім. Интернеттен қарадым және мамандардың көмегіне жүгіндім. Соларды талқылап, мақсаттарымыз бір және ұқсас болғаннан кейін қосылуға екеуміз бірге шештік деп айтсам болады, иә.

Ал, Андрей мен Кристинаның отау құрғанына биыл 20 жыл болды. Ерлі-зайыпты осы аралықта талай сынақтан бірге өтті. Олар тәрбиелеп жатқан 4 бала спорттық және шығармашылық қырынан байқатып жүр. «Өзара түсіністік отбасы бірлігінің кепілі болды», - дейді ата-ана.

Кристина Широкорадова, қала тұрғыны:

- Ең бастысы, ерлі-зайыпты арасында сезім болу керек деп ойлаймын. Сол арқылы отбасының шағын мемлекет екенін жақсы түсіндік. Балаларымыздың бүгіні мен келешегі үшін бар күш-жігерімізді жұмсап жатырмыз. Олардың әр жетістігі біздің ортақ жеңісіміз.

Қазақстанда қазір 5,5 миллионнан астам отбасы бар. Өңірлерде отбасыларды қолдауға арналған 40 орталық жұмыс істеп тұр. Келер жылы мұндай мекемелер санын 172-ге жеткізу көзделген.

Евгений Кочетов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:

- 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына сәйкес, отбасы және отбасылық құндылықтар институтын нығайту, отбасыларды әлеуметтік қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және ұрпақтар сабақтастығын сақтау бойынша жұмыстар жүргізіледі. Ажырасу санының төмендеуі байқалады. Соңғы 5 жылда бұл көрсеткіш 48,6%-ке төмендеді.

Қыркүйек айының екінші жексенбісі елімізде Отбасы күні аталып өтеді. Ал маусымда әкелердің, мамырда аналардың төл мерекесі тойланады. «Мұндай мазмұнды мейрамдар отбасы құндылығы мен бірлігін арттыруға ықпал етеді», - дейді мамандар.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Марат Диқанбаев