Майқайыңда мерт болған құтқарушының отбасы моральдық шығын өндіріп алды
«Майқайыңалтын» кен байыту фабрикасында қаза тапқан құтқарушының отбасы сот арқылы 120 млн теңге моральдық шығын өндіріп алды, деп хабарлайды 24kz.
Олар жерлеу кезінде марқұммен қоштаса алмағандарын, қайғының ауыр болғанын және жұмыс беруші тараптың көңіл айтпағаны үшін моральдық өтемақы талап еткен болатын.
Еске сала кетсек, биыл 4 қаңтарда «Майқайыңалтын» аумағында құтқарушылар мінген автобус құзға құлап кеткен еді. Автобуста төрт адам болды. Төтенше жағдайлар қызметі екі адамның денесін келесі күні алып шықты. Ал қалған екі құтқарушының мәйіті араға жеті ай салып табылды. Арнайы комиссия төтенше оқиғаға толық жұмыс беруші тарап кінәлі екенін дәлелдеді.
Маржан Құрманғалиева, облыстық соттың баспасөз қызметінің бас маманы:
- Сот болған жазатайым оқиғаға жұмыс берушінің 100% кінәсін негізге ала отырып, қайтыс болған құтқарушының туыстарының талаптарын толық көлемде қанағаттандырып, әрбір туысының пайдасына қойылған талап көлемінде 30 миллион теңгеден, жалпы сомасы 120 миллион теңге моральдық зиян өтемақысын өндірді. Шешім заңды күшіне енген жоқ.