Премьер-министр: Біз басқа энергия көзіне көшуіміз керек
Еліміздегі жылу электр станциялардың 70%-і тозып тұр. Ал энергия тұтыну көлемі жыл санап өсіп келеді, деп хабарлайды 24kz.
Тіпті 2035 жылға дейін сағатына 152 млрд кВт-тан асады деген болжам бар. Сондықтан тұрақты энергия көзі қажет. Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Олжас Бектенов атом электр станциясының маңыздылығын ерекше атап өтті. Үкімет басшысы өңірдегі ірі өндіріс ошақтарын аралап, жұмыс барысымен танысты.
Абзал Балтабаев, тілші:
- Степногорск қаласындағы жылу электр станциясындағы желілер 65%-ке тозған. Биыл ескірген қондырғыларды жаңартуға 7 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Жөндеу жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Қазір шағын шаһар жылыту маусымына 70%-ке дайын.
Қаладағы 300-ден астам үй мен 50-ге жуық әлеуметтік нысанды жылумен қамтып отырған Жылу электр орталығы осыдан жарты ғасыр бұрын салынған. Бүгінгі таңда құбырлардың 80%-і тозып тұр. Жылу желілерін жаңғырту үшін биыл Үкімет резервінен қосымша 2,7 млрд теңге бөлінді.
Валерий Донцов, Степногорск жэс директоры:
- Қазір біз ағымдағы жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтадық. Турбогенераторлар мен жылу қазандықтарындағы күрделі жөндеулер де кестеге сай жүргізілуде. Тағы бір мәселе – кадр тапшылығы. Қазір орталыққа шамамен 100-ден астам маман жетіспейді.
Президент жаңа Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңғырту бойынша жеке жоба әзірлеуді тапсырды. Бұл бағдарлама 2030 жылға дейін жалғасады. Осы ретте Үкімет басшысы маңызды жұмысты жаңдандырып, тиісті мәселелерді шешуге болатынын жеткізді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Тариф, табиғи монополия субъектілері және жеке инвестиция есебінен шамамен 10 трлн теңге қаржы қажет. Жұмыстар кешенді түрде жүргізіледі. Біз елімізде ТҮКШ жүйесінің қандай күрделі жағдайда тұрғанын түсінеміз. Меншік иелері де, жергілікті билік те, Үкімет те бұл іске аса жауапкершілікпен қарауы қажет.
Өнеркәсіп өркендеген сайын электр энергиясына деген сұраныс артады. Энергия жетіспеушілігі кәсіпкерлерге қолбайлау болары анық. Тау-кен химия комбинатының қызметкерлерімен кездескен Олжас Бектенов атом электр станциясын салу мәселесін көтеріп, мамандардың ойын білді.
Андрей Черных, Степногорск тау-кен химия комбинатының бас инженері:
- Өнеркәсіп секторы қазір қарқынды дамып келе жатқанын ескерсек, бізде энергия тапшылығы сезілуі мүмкін. Технологиялар да жыл санап ескіре береді. Қазір бұл секторды жаңғырту маңызды. Сондықтан атом электр станциясын салу қажет деп есептеймін.
АЭС-тің құрылысы 6 қазанда өтетін референдумда белгілі болады. Олжас Бектенов қызметкерлерді саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазір елімізде энергия тұтыну көлемі 17 Гвт құрайды. Ал, өзіміз 16 гвт қана өндіреміз. Яғни, энергия тапшылығы байқалады. Көрші елдерден сатып алуға мәжбүрміз. Қазір біз үйреніп қалған көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станцияларын халықаралық қаржылық институттар мен банктер қаржыландырмайды. Сондықтан біз басқа энергия көзіне көшуіміз керек. Соның бірі тұрақты энергия көзімен қамтамасыз ететін, экологиялық таза, қауіпсіз және қалдықсыз ол – әрине, атом электр станция. Президент референдум күнін белгіледі. Саяси науқанда халықтан үлкен қолдау болады деген сенімдемін.
Сондай-ақ Үкімет басшысы подшипник зауытының мамандарымен де кездесті. Аталған өндіріс ошағы қазір теміржол вагондарына арналған подшипниктер шығарады. Ал, зауыт өнімдерін бүкіл ТМД елдері пайдаланып отыр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Келер жыл жұмысшы мамандықтарының жылы болып бекітілді. Осы орайда, бізді үлкен іс күтіп тұр. Себебі, сіздер сияқты білікті техникалық мамандарды дайындау маңызды шаруа. Жұмысшы мамандығының иелері арқылы өндіріс өркендеп, сала дами түсетіні анық.
Ал, шағын шаһардағы үлкен жылыжайдың өнімдері елімізбен қатар көрші елдерге де танымал. 2008 жылы іске қосылған кәсіпорын қазір 5,5 гектар жерге қияр мен қызанақ егеді. Үкімет басшысы сонымен бірге қаладағы жаңа емхананың жұмысымен де танысты. Емдеу мекемесі заманауи қондырғылармен жабдықталған. Олжас Бектенов Целиноград ауданына да ат басын бұрып, бірқатар нысандарды аралады. Сапар соңында Премьер-министр жергілікті билік өкілдеріне аймақ экономикасын дамыту мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқару қажеттігін тапсырды.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко