Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында 500-ге жуық құрақ көрпе төселеді

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жоғары деңгейде өтуіне құрақшылар де белсене атсалысып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Биыл олар 500-ге жуық көрпе тігіп, Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабына енуді көздеп отыр. Соған байланысты Астанаға еліміздің әр өңірінен тігіншілер келіп, дүбірлі доданың ашылуына дайындалып жатыр. Олардың арасында Батыс Қазақстан облысынан арнайы келген құрақшылар да бар. Басты мақсат – ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық өнерді, төл мәдениетімізді әлем жұртшылығына паш ету.

Гүлжиһан Әбілманова, ұстаз:

- V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында ашылуында «Қазанат» ипподромында осы көрпелер жайылады екен. Сол көрпелердің үстінде біздің қазақтың құрағының мәнін, берекесін, яғни, біздің құрақты әлемге паш ету мақсатында шығатын боламыз. Бұл көрпеге біздер көптен дайындалдық. Бұл жоба былтырғы қаңтар айында басталған болатын. Содан кейін ұсыныстар болып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен шеберлер атсалысып, жобаға үлкен дайындықпен келдік.

Сәуле Нұрғалиева, зейнеткер:

- 26 құрақшы келдік. 26 осындай көрпемен әдемі мындай көпшіктерді тігіп әкелді. Біз қазақтың құндылығы, төл өнері құрақты тек қазақ еліне емес жан жақтан, дүниежүзінен келетін халыққа таныстырып, көрсетіп өнерімізді дәріптейік деп отырмыз.