Премьер-министр әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты
Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Олжас Бектенов әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысымен де танысты, деп хабарлайды 24kz.
Премьер-министр Степногорск қаласындағы емханаға барып, отандық денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолданудың тиімділігі бағалады. Емдеу мекемесі бір ауысымда 1020 адамды қабылдай алады. Емхана Степногорск пен жақын маңдағы елді мекендердің 64 мыңға жуық тұрғынына қызмет көрсетеді. Мұнда күндізгі стационар, мамандандырылған хирургиялық және терапевтік көмек бөлімшесі, Фтизиатрия орталығы және клиникалық-диагностикалық зертхана бар. Сонымен қатар компания Қосшы қаласында көпсалалы өңірлік аурухананың құрылысын бастады. Бұдан бөлек, Олжас Бектенов Мәншүк Мәметова ауылында ашылған «Әдемау» мемлекеттік бөбекжай-бақшасына да барды. Ауданы 600 шаршы метр болатын екі қабатты ғимаратта балаларға жайлы жағдай жасалған. Қазіргі уақытта бөбекжайға 40 бала барады. Бірақ сыйымдылығы 80 балаға дейін шақталған.