Көкшетауда бейбіт атом энергетикасын дамыту жайы талқыланды

2035 жылға қарай елде электр энергиясын тұтыну көлемі 152,4 млрд. кВт/сағатқа жетеді.

Келешекте тапшылық сезіледі. Сол себепті алдағы 10 жылда жалпы қуаты 26,5 ГВт болатын жаңа генерациялаушы қуаттарды іске қосуды қамтамасыз ету қажет. Энергетика министрі көкшетаулық студенттермен бейбіт атом энергетикасын дамытудың келешегі мәселесін талқылау барысында осылай деді. Кездесуде Алмасадам Сәтқалиев атом энергетикасының Қазақстан үшін маңыздылығына тоқталып, оның елдің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігі үшін маңыздылығын атап өтті. Бүгінде бізде электр энергиясын өндірудің негізгі үлесін көмір зауыттары қамтып отыр. Қазір бүкіл әлем көміртегі бейтараптығына бет бұрып жатқандықтан халықаралық қаржы институттары көмір электр станцияларының құрылысына инвестиция салудан бас тартуда. «Қуат тапшылығына тап болмас үшін АЭС салу қажет», - деді министр.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Фукусима, Чернобыльдағы болған апаттардан кейін барлық ғылыми зерттеулер ядролық нысандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, станцияларда барлық талаптар күшейтілді. Олар штаттан тыс жағдайды болдырмауды көздейді. Мәселен, нысанда электр энергиясы өшіп қалса, онда басқарылмайтын ядролық реакциялар жасау мүмкін болмайды.