Сарапшы: Қазақстанның атом энергиясын дамытуы маңызды
Жаһанда тұрақты және қауіпсіз энергияға сұранысты тек Атом электр станциялары өтей алады. Себебі климаттың өзгеруінен көмір электр станциялары уақыт өте жабылуы мүмкін. Түркия энергетикалық зерттеу саясаты орталығының басшысы Оғузхан Ақиенер осындай пікірде, деп хабарлайды 24kz.
«Қазақстанның Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өткізуі Орталық Азия үшін де маңызды», - дейді сарапшы. Ол сондай-ақ бұл қуат көзі елдің сыртқы энергетикалық тәуелділігін азайтуға көмектесін бірден-бір жол екенін алға тартады. Түркия болашақта 10 атом электр станциясын салуды көздейді. Ал елдің тұңғыш «Аккую» станциясы бірер жылда іске қосылмақ.
Оғузхан Ақиенер, Түркия энергетикалық зерттеу саясаты орталығының басшысы:
- АЭС Қазақстанның уран өндірісін одан әрі дамытып, ресурстарды тиімді игеруге септігін тигізеді деп ойлаймын. Оның үстіне атом энергиясы шығыны аз және басқа қуат көздеріне қарағанда нарыққа тұрақты электр энергиясын әлдеқайда қолжетімді бағамен жеткізе алады. Менің ойымша, осы себепті өзге түркі елдері де атом энергиясын дамытуға көп көңіл бөлуі керек.