Алматылық сарапшылар таза ауаға қол жеткізудің жүйелі әдістерін талқылады

Бүгін – халықаралық таза ауа күні. Тиісті қарарды Біріккен ұлттар ұйымының Бас ассамблеясы 2019 жылы бекітті, деп хабарлайды 24kz.

Бір қызығы, құжат дауыс берусіз қабылданды. Себебі, таза ауаның маңыздылығын әлемнің барлық елі мойындайды. Атаулы күн аясында алматылық сарапшылар таза ауаға қол жеткізудің жүйелі әрі қарапайым әдістерін ортаға салды.

«Жасыл және қауіпсіз көшелер» жобасын ұйымдастырушылар «қала құрылысындағы жүйелі тәсілдер ауа сапасына айтарлықтай әсер етеді», дейді. Мұндай бастамалар қомақты қаражатты қажет етпейді. «Есесіне шағын қадамдар арқылы адамдардың денсаулығын жақсартуға, ауаның тазалығына, қалалық ортаның эстетикасына әсер ете аламыз», - дейді белсенділер.

Зарина Даулетқан, Almau урбанистика орталығының директоры:

- Біз Тұрғыт Өзал көшесі бойымен Райымбек даңғылынан Төле би көшесіне дейін зерттеу жүргіздік. Тұрғыт Өзал көшесінде бір жолақты көліктердің пайдаланбайтынын көз жеткіздік. Өйткені қозғалыс негізінен орталық жолақтармен бағытталған. Оның үстіне бізде бей-берекет тұрақ көп. Зерттеулердің нәтижесін қалалық әкімдікке тапсырдық.

Зерттеулер нәтижесінде тиімсіз жолдар ішінара пайдалы аумаққа айналды. Сонымен қатар белсенділер қала ортасындағы көлік тұрағын түрлі түсті бояумен безендіріп, аптаның соңғы үш күнінде тұрғындардың серуендейтін аумағына айналдырған. Басқосуда сарапшылар көшелерді дұрыс жоспарлау, велосипед инфрақұрылымын және жаяу жүргіншілер аймақтарын дамытуды ұсынды.

Роман Барабанов, сарапшы:

- Жол бойында қауіпсіздік аралдары белсенді түрде салынып жатыр. Бұл шын мәнінде жақсы шешім. Егер кең жол болса, онда жаяу жүргіншілерге жолды қауіпсіз кесіп өтуге мүмкіндік береді немесе көлік қозғалысы айтарлықтай көп болса, олар сол жерде күте алады.

«Мұндай шешімдер таза ауа мен қауіпсіз қала мақсатына жеткізеді», - дейді сарапшылар. Ауаның ластану деңгейін бақылайтын ІQair.com сайтындағы мәліметтерге сәйкес, Алматыда бүгін ауаның ластану көрсеткіші Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ауа сапасы бойынша жылдық нұсқаулық мәнінен 1,1 есе жоғары.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов