8 қыркүйек – Отбасы күні

Қыркүйектің екінші жексенбісінде елімізде Отбасы күні аталып өтеді.

Мәселен, Ақтөбеде әуе көлігінің бөлшектерін бес саусағындай білетін әскери әулет тұрады. Әуе қорғаныс күштерінің полковнигі Самат Жүсіпов Талғат Бигелдинов атындағы әскери институтта авиация қозғалтқыштары мен әуе көлігін құрастыру және пайдалану кафедрасының оқытушысы болып істейді. Ал ұлы – сол кафедраның курсанты.

Самат Жүсіповтің әскер қатарына алынғанына 28 жыл өтті. Әуе қорғаныс күштері институтын аяқтап, лейтенант шенін алған ол Талдықорған, Астанада қызмет етті. Қазір жас курсанттарға тәлім-тәрбие беру үшін оқу ордасына оралған.

Самат Жүсіпов, Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының кафедра бастығы:

- Біз бірінші кезекте патриоттарды тәрбиелеуіміз керек. Курсанттарымызға Отанға деген сүйіспеншіліктің маңыздылығын әрдайым айтып отырамыз. Себебі бұл – әскери азаматтың басты қасиеті. Содан кейін әуе техникасын игеруді үйретеміз.

Самат Жүсіповтың ұлы Әмір де – әскери институттың курсанты. Болашақ авиаинженер санаулы күннен кейін диплом алып, еліміздің аспанын қорғауға аттанады. Әке жолын қуған бозбала темірдей тәртіпке бала күнінен төселген. Ата-ананың үмітін ақтап, үлгілі офицер болуды мақсат тұтады. 

Әмір Мұхамбетқадимов, Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының курсанты:

- Әкем болғаннан кейін міндетім екі есе жоғарылайды. Себебі сенің алған білімің, сенің тәрбиең мұнда екі есе жоғары болуы керек. Өйткені сен тек өзің үшін жауап бермейсің. Әкеңе сөз келмеу үшін де бүкіл деңгейіңді жоғарылатуың керек. Сабақ жағынан, тәрбие жағынан.

Бір отбасынан екі бірдей әуе көлігі инженерінің шығуы таңқаларлық жайт емес. Себебі бұл – әкелі-балалы әскерилердің асқақ арманы. Ұшақтардың макеті, ойыншық тікұшақпен ойнап өсіп, есейген соң әуе көлігін игеру де орынды.

Самат Жүсіпов, Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының кафедра бастығы:

- Бала күнімнен авиациямен байланысты марка жинадым. Ил-76 ұшағынан бастап, ескі әуе көліктері, амфибия-ұшағы бар. 1968-1969 жылдары басылып шыққан ескілері де сақтаулы.

Пошта маркасын жинаумен қатар Самат Жүсіпов бас уақытында гитара шерткенді ұнатады. Полковниктің бұл өнері қыздарына дарыған.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Болатбек Молдағалиев.