БҚО-дағы колледждерге күрделі жөндеу қажет
Батыс Қазақстан облысындағы колледждердің біразы күрделі жөндеуді қажет етеді. Кәсіптік білім беретін мекемелердің материалдық-техникалық базасы да ескірген, деп хабарлайды 24KZ.
Аймақта 37 орта білім беретін мекеме болса, соның 20-сы жұмысшы мамандықтарын даярлайды. Білім саласындағы өзекті мәселе қалай шешіледі?
Теректі ауданындағы колледждің тарихы бар. Ашылғалы күрделі жөндеу көрмеген ғимарат әбден ескірген. Әсіресе көлік тұрағының тозығы жетіп тұр. Апатты деп танылғанына байланысты 6 бокстың біреуінде ғана студенттер оқытылады. «35 адам тұратын жатақхананың жағдайы жанға батады», – дейді Нұрсұлу Дәуітова.
Нұрсұлу Дәуітова, жатақхана меңгерушісі:
- Күн түсетін жағы жылы, арғы жағы көлеңке болғасын салқын болады. Сондықтан жөндеуді өткізіп берсе, жақсы болар еді. Оқушыларға, балаларға.
Білім ордасында 181 студент автослесарь, электромонтер, механизатор сынды мамандықтарды меңгеріп жатыр. Олар қолданатын құрал-жабдықтар да ескі. «Жоғары сапалы маман дайындау үшін заманауи техника керек», – дейді оқу орнының директоры.
Рүстем Қадыржанов, Теректі колледжінің директоры:
- Ең соңғы келгені 2012 жылы 12 жылдың ішінде ешқандай қаржыландыру болған жоқ. Соған байланысты, заманауи техникалар жоқ болуына байланысты жақсы «уровеньдағы» мамандарды дайындауда қиыншылықтар болып отыр. Республикамыздың Президентінің Жолдауы бойынша 2025 жылы жұмысшы мамандықтар жылы деп танылғанына байланысты 25 жылдан үмітіміз мол. Бүкіл облыс колледждеріне қаржылық жағынан көп көмек болады деп сенеміз.
Кәсіптік оқу орнындағы жағдайдан жергілікті әкімдіктегілер хабардар. Олар 9 колледждің материалдық-техникалық базасын жақсартуға арналған жол картасын әзірлеген. «Көктемгі су тасқынына байланысты жобаны жүзеге асыру келесі жылға қалдырылды», – дейді саладағылар.
Бағида Сарбалина, облыстық білім басқармасының басшысы:
- Үкімет колледждердің ғимаратында шағын кәсіпорын ашу талабын қойып отыр. Сонда студенттер жұмыс пен оқуды ұштастыратын болады. Біз сол межеге жету үшін 2021-2022 жылы 10 колледжде арнайы орталық аштық. Қазір ондағы білімгерлер жаңа техникамен өз мамандығын меңгеріп жатыр.
Саладағылар: «Жұмысшы мамандықтарды оқытуға берілетін мемлекеттік тапсырыс көлемі жыл сайын артып келеді», – дейді. Биылдың өзінде 4 мың жас аймақтағы коледждерге түсіп, студент атанған.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Альбина Кумарғалиева, Ербол Меңдіғалиев.